Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару: 80 млн теңгеге сатып алынған 10 үй тұруға дайын емес
99,1 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде Солтүстік Қазақстан облысында 2019-2021 жылдары қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бөлігінде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары қаралды.
Жалпы осы Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде (2017 жылдан 2021 жылға дейін) Солтүстік Қазақстан облысына келгендер саны 35-40 жас аралығындағы 8 327 адам, оның ішінде 88%-ының көшкенге дейін өз баспанасы болмаған.
Жұмыссыздар санының 2015 жылғы 16,8 мың адамнан 2019 жылы 14,9 мың адамға дейін төмендеу үрдісін, сондай-ақ орташа айлық атаулы жалақы көрсеткішінің 2017 жылғы 104,1 мың теңгеден 2019 жылы 130,2 мың теңгеге дейін ұлғайғанын атап өту қажет.
Сонымен қатар мемлекеттік аудитпен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытын іске асыруға бағытталған бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануда жекелеген кемшіліктер мен бұзушылықтар анықталды.
«Аудит объектілері Мемлекеттік бағдарламаның да, бюджеттік бағдарламалардың да түпкілікті нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізбеді және ол көрсеткіштер бұрмаланды. Мысалы, қоныс аударушылар үшін СҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының 2019 және 2020 жылдардағы нәтижелері туралы есептерінде көрсетілген 1 035 үйдің орнына іс жүзінде 1 003 үй сатып алынды», - делінген хабарламада..
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің уәкілетті өкілі тарапынан көші-қон процесіне және ерікті қоныс аударуға қатысушылардың осы өңірдегі қабылдау орындарында сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне нашар бақылау мен мониторинг жүргізілгені атап өтілді.
Бағдарламаны іске асыруды талдау сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтарының тиімді жұмысының жеткіліксіздігін көрсетті, оның дәлелі кейбір аудандарда халықтың аз қоныстануы болып табылады.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданының 6-ында сатып алынған үйлердің өте төмен қоныстануы байқалады және 50%-дан төмен (Ақжар, Есіл, Жамбыл, Тимирязев, Уәлиханов аудандары және Шал ақын ауданы) құрайды, 5 ауданда (Айыртау, Аққайың, Мамлют, Тайынша аудандары және М. Жұмабаев атындағы аудан) 63-74% деңгейінде орташа қоныстану деңгейі байқалады және тек екі аудан (Қызылжар ауданы және Ғ. Мүсірепов атындағы аудан) бойынша ғана қоныстандыру - 100%-ды құрады.
Халықты жұмыспен қамту орталықтарының тұрақты жұмыс орнына қабылданған күннен бастап кемінде күнтізбелік отыз алты ай мерзімге «Еңбек» бағдарламасына кемінде бес қатысушыны жұмысқа орналастыру жөніндегі міндет бөлігінде жұмыс берушілердің келісімшарттар талаптарын орындамауы себебінен халықты 19,1 млн теңге сомасына негізсіз мемлекеттік төлемдер фактілері анықталды.
Сонымен қатар аудиторлық іс-шара барысында ағымдағы жылы Жамбыл ауданының құрылыс бөлімі Жамбыл ауылында қоныс аударушылар үшін жалпы сомасы 80 млн теңгеге 10 тұрғын үй сатып алғаны анықталды, олар іс жүзінде тұруға дайын емес еді.
«Сатып алынған үйлердің сапасының төмендігінің негізгі себебі – бұл жергілікті ауа-райы жағдайларына сәйкес, әсіресе қысқы кезеңде тұрғын үй-жайлардың жылу оқшаулауының қажетті деңгейі ескерілмеген техникалық өзіндік ерекшеліктегі материалдар мен құрылыс конструкциялары құнының арзан әрі қойылатын талаптарының өте төмен болуы. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ауызша ақпараты бойынша, қазіргі уақытта бұл үйлердің барлығы салынып біткен. Алайда, Есеп комитетіне ресми құжаттар ұсынылмаған», - деп хабарлады.
Есеп комитетінің аудитімен барлығы 99,1 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 4 636,8 млн теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдалану, сондай-ақ 22 рәсімдік бұзушылықтар анықталды.
Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке тиісті ұсынымдар, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне тапсырмалар берді.