Түркістан облысының тергеу изоляторына қамалған қария үш рет инсульт алды
Туыстары бұған бизнесті рейдерлікпен тартып алу себеп болды дейді
Түркістан облысында тергеу изоляторына қамалған кәсіпкердің денсаулығы күрт нашарлап кетті. Қылымыстық қудалауға ұшыраған Хали Сарманов тергеуде жатып үш рет инсульт алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Өмірін шаруашылыққа арнаған кәсіпкердің үстінен бұрын да бірнеше рет тексеріс жүргізіліп, қылмыстық құрам анықталмаған соң іс жабылған. Алайда, қожалықтағы жұмысшылар да, оның басшысы да соңғы бір жылдан бері тергеп-тексерудің астында қалған. Зейнеткердің қамауда жатқанына бір жылға жуықтады. Әкелерін кепілдікпен де босата алмаған Сармановтың ұлдары Президенттің атына әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдап, бостандық сұрады. Айтуларынша, жылға жуық қамауда отырған қарияның денсаулығы күннен күнге нашарлап барады.
«Әкем заңсыз бас бостандығынан айырылып, қылмыстық қудалауға ұшырап, зардап шегіп жатыр. Ел Президентінен біздің мәселеге құлақ асуды өтініп келеміз. Бірнеше рет өтініш жаздық. Бес жүзден аса адамның қолы қойылған талап-арызды да жолдадық. Алайда, керісінше қысым күшейіп, заңсыздықтар жалғасып жатыр. Әкемді қудалап қана қоймай, рейдерлік тартып алу әрекеті болып жатыр. «Еститін мемлекет» қағидасы айтылғанмен, бізді биліктегі ешкім естімейді. Президенттен Жоғары Сот пен Бас прокуратураға Түркістан облысындағы жағдайларды қайта тексеруге тапсырма беруін сұраймыз», - деді кәсіпкердің ұлы Дәурен Сатыбалдиев.
Хали Сарманов
Сайрам ауданының құрметті азаматы атанған Хали Сарманов жиырма жылдан аса шаруашылықпен айналысқан. Ауылдастарына да жұмыс тауып берген 69 жастағы кәсіпкер былтыр қазанда қамауға алынған еді. Оның тергеу изоляторына түсуіне де өзінің жерлестері себеп болған. Бірнеше ауылдың халқы 90-жылдары пайға алған жерлерін өздері жекелей игере алмағандықтан «Қайнар Астық» өндіріс кооперативіне берген. Ұжымдағы 780-нен аса адамның пайында 7 мың гектар суармалы, 5 мың гектардан астам жайылымды жер болған. 2014 жылы кооперативтегі жердің біразы жекеменшікке өтіп, ондаған гектар жерді Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік автожолын салу үшін мемлекет сатып алады. Одан бөлек, жер телімдері аукцион арқылы да сатылымға шығарылады. Жер табысынан түскен ақшаның көлемі 61 миллион теңгеден асқан. Ұжымның мүшелері әлгі ақшаны даулап, бастықтарын сотқа берген.
«Әкемді жерді сатудан түскен 61 миллион теңгені жоқ қылған деп айыптап отыр. Ол ақшаны түгел қайтарған. Одан бері ешқандай дау болмады. «Подставной» пайшылдар шығып, істі солардың арызы негізінде қайтадан бастап отыр. Олар біздің кооперативке қатысы бар екенін де дәлелдей алған жоқ, орта жолдан қосылған адамдар», - деді Хали Сармановтың ұлы.
11 айдан бері қамауда отырған қария үш рет инсульт алған. Ал шаруа қожалығында ұзақ жылдан бері жұмыс істейтін екі жүзден астам адам биыл өнімсіз, табыссыз қалуы мүмкін. Олар жұмысты ысырып қойып, бастығын босатуды талап етумен уақыт өткізіп жатыр. Ал, Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының мәліметінше, ол сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi қасақана аса iрi мөлшерде ысырап етіп, кооперативке тиесілі жер телімдерін аукцион арқылы сатып жіберген.
«Х.С. «Қайнар Астық» ӨК-нің төрағасы қызметін атқарып жүріп, яғни коммерциялық ұйымда басқару қызметiн атқаратын адам бола тұра, кооператив шотындағы мемлекетке қайтарылуы тиіс ақшаны өз қажеттілігіне жаратып, өкілеттігін теріс пайдаланған. Осыдан кейін Х.С. аталған қаражатты кооперативке қайтаруға ешбір шара қолданбай, нәтижесінде 23.05.2013 жылғы ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымына сәйкес «Қайнар Астық» ӨК-нен мемлекетке 61 281 382 теңге ақшаны өндіру мақсатында «Қайнар Астық» ӨК-нің уақытша пайдалану құқығындағы жалпы 6 343,74 га жер телімін аукцион арқылы сатылуына жол берген», - деді Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сармановтың үстінен ҚР ҚК 176-бабының 4-бөлігі «б»-тармағымен және 228-бабымен (1997 жылдың редакцияда) іс қозғалған. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Алайда, оның кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың жауаптары арқылы дәлелін тапты деп санайды сот. Прокурор өзінің позициясында Сармановты 8 жылға соттауды сұраған. Оның зейнет жасында болуы және бұрын сотты болмағаны қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін жағдайларға жатқызылған. Кәсіпкердің жақтастары бостандық сұрап жүргенде алғашқы үкім де шығып үлгерген.
«Сот үкімімен Х.С. ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігінің «б»-тармағымен (1997 ж редакцияда) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған коммерциялық ұйымдарда басшы қызметін атқару құқығынан үш жыл мерзімге айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сонымаен қатар, Х.С. ҚР ҚК 228-бабында (1997 ж. редакцияда) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, осы кодекстің 71-бабының 1-бөлігінің 3-тармағына сай ол қылмыстық жауаптылықтан босатылған. Азаматтық талапкер «Қайнар-Астық» өндірістік кооперативінің азаматтық жауапкерлер Х.С-ға, У.Т.Н-ға, «Қайнар май» және «Нұр-көл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне материалдық шығын мен тұрақсыздық айыпақы сомасын өндіру туралы азаматтық талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, «Қайнар-Астық» өндірістік кооперативінің пайдасына Х.С.-дан 61 009 600 теңге мөлшерінде материалдық шығын және мемлекет пайдасына 1 830 288 теңге мөлшерінде сот шығындары (мемлекеттік баж) өндірілген», - деді соттағылар.
Алайда, сотталушының қорғаушысы үкіммен келіспей, бірден апелляциялық шағым келтірді. Қария кәсіпкердің тағдырын шешетін келесі отырыс Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қазан айының жетісі күні қаралмақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Түркістан облысы