$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.09.2021, 10:57
Қоғам

Солтүстікте жерінен айрылып қалған ауыл тұрғындары үйлерін тастап көшіп жатыр

5 елді мекеннің жерін жалға алған «Жарқын-СК» және «Рамут» серіктестіктері халықтың келісімінсіз жылжымайтын мүлікті банкке кепілге қойып, несие алған

Солтүстікте жерінен айрылып қалған ауыл тұрғындары үйлерін тастап көшіп жатыр

Солтүстік Қазақстанда жерінен айрылып қалған ауыл тұрғындары мал азығынсыз қалды. Айыртау ауданындағы 5 елді мекеннің жерін жалға алған «Жарқын-СК» және «Рамут» серіктестіктері халықтың келісімінсіз жылжымайтын мүлікті банкке кепілге қойып, элеватор салу мақсатында несие алған. 600 млн теңге уақытылы қайтарылмағандықтан Аграрлық несие корпорациясы жерді аукционға шығарған. Жыл сайын берілетін пайсыз қалған көпшілік қолда бар малын сатуға мәжбүр. Ауыл тұрғындары үйлерін жиһазымен бірге тастап, жан-жаққа көшіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ХАТТАМАҒА ҚАЙТЫС БОЛҒАН АДАМДАРДЫҢ АТЫНАН ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАН

Бірлестік, Егінді-ағаш, Дәуқара, Светлый және Қарақамыс. Осы бес ауылдың 800 тұрғыны жер үлесінен айрылып қалды. Жалгер жылжымайтын мүлікті кепілге қойғанын көпшілік білмей қалған. Тұрғындар сот орындаушысының үстінен шағым түсіргеннен кейін ғана 42 мың гектар егістік пен жайылымдық жер аукционнан алынған. Енді оны иелері өздеріне қайтара алмай жүр.

«Ауылдастарымыздың қатарында қалалық, аудандық жерлерге көшіп кеткендер көп. Әсіресе үлкен кісілер. Олардың көбі қайтыс болған. Алаяқтар солардың атынан қол қойдырып алған жағдайлар болыпты. Оны біз соттың барысында естіп, біліп-көріп жатырмыз. Өзім жылқы шаруашылығымен айналысамын. Амалдап жем-шөп әзірледік. Ауыл тұрғындарына қиын болып тұр. Қазір кез келген мал азығының бағасы шарықтап кеткен. Оны бәрінің қалтасы көтере бермейді», - дейді Қарақамыс ауылының тұрғыны Меңдібай Тәжібаев.

АРПАНЫҢ ТОННАСЫ 60 МЫҢ ТЕҢГЕ

Үш ай жүргізілген тергеу барысында үлескерлердің хаттамаға қол қоймағаны дәлелденген. Ауыл тұрғындары құжатқа қол қоймақ түгілі, көздері де көрмеген. Айыртау аудандық ІІБ тергеу аяқталған соң істі СҚО Ішкі істер департаментіне тапсырған. Алайда үлескерлер атынан өтірік қол қоюшы күдікті анықталмағандықтан істі аудандық ішкі істер бөліміне кері қайтарған. Сөйтіп қылмыстық іс тоқтатылып, халықты тақырға отырғызып, қыруар ақшаны қалтасына басқан «Жарқын-СК» және «Рамут» компанияларының басшылары Бейбіт Молдашев пен Мұрат Теміржанов қылмыстық жауапкершіліктен оңай құтылып кеткен. Айта кететін жайт туыстас  Б.Молдашев пен М. Теміржанов 600 млн теңге несиені мақсатына сай жұмсамаған. Оған дәлел несие алу үшін жасалған бизнес жоспардағы элеватор Светлый ауылында атымен жоқ. Биыл халықтың шаруашылыққа сеніп тапсырған 42 мың гектар жерінің 2 гектарына ғана арпа егіліпті. Тұқым кеш сіңірілгендіктен дәнді-дақыл өспей қалған. Биыл мал азығының бағасы рекордтық көрсеткішке жетті.

«Менің өзімде 3 сиыр, жылқы бар. Соны асырап шығу үшін 8 тележка шөп үйіп аламын. Кем дегенде 4 тонна жем керек. Қыстан мал қысылмай шығуы үшін соғым семірту керек дегендей. Арпаның тоннасы қазір 60 мың боп тұр. Қысқа қарай тағы қымбаттайды. Менің өзіме шөпті қоспағанда 4 тонна арпа алу үшін 250 мың теңгедей ақша қажет, тасымалымен бірге. Биыл пайдадан ештеңе күтпейміз. 2 мың гектар арпа маусым айында егілді. Өсіп те, пісіп те үлгерген жоқ. Құр алақан қалдық», - дейді Қарақамыс ауыл тұрғыны Асқар Уәлиев. 

ТҰРҒЫНДАР ҮЙЛЕРІН ЖИҺАЗЫМЕН ТАСТАП КЕТІП ЖАТЫР

Светлое ауылының тұрғындары да мал бағып күн көріп келген. Мектептен басқа жерде жұмыс жоқ. Сиыр мен қой бағып күнелтіп келгендердің бірі - Райхан Жапарова. Төрт түлікке азық болмағандықтан арзанға сатып жіберген.

«Көшейік деп жатырмыз. Мал-құс атаулыдан екі бұзауым мен қаз ғана қалды. Соған жем таппай отырмыз. Бидай жоқ, қалдық та жоқ. Үйімізді сатуға қойдық. Тарап жатқан елді мекенге кім келсін? Ешкім сұрамайды да. Кетіп жатсақ, үйді жауып қалдырудан басқа амал жоқ. Жолдасым көрші ауылда жұмыс істеп жүр», - дейді Светлое ауылының тұрғыны Райхан Жапарова.

Елді мекенде үйін жауып күнкөріс қамымен кеткендер көп. Көршілерінің айтуынша, жиһаздарын да алмаған. Терезедегі шымылдықтар сол қалпында тұр. Есіктегі құлып пен ауланы басқан шөптен тіршілік жоқ екені байқалады. Ал аудандық әкімдік өкілдері жем мәселесін шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтты. 

«Серіктестік қоймасында былтырғы жылдан қалған 450 тоннаға жақын бидай жатыр. Оның пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Мал азығына жарайды. Пай иелерінің өтініші бойынша осы мәселені қозғап жатырмыз. Мақсатымыз бидайды тұрғындарға заңды жолмен алып беру. Прокуратураға жүгіндік. Бәріне жетпесе де, аздап пай иелеріне берсек, көмек болар еді. Ал жер мәселесі бір айда да шешілетін сұрақ емес. Оған уақыт керек», - дейді Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Едрес Жанапин.

Тұрғындардың арызы экономикалық сотта қаралып, жерді жалға қою туралы хаттаманың күші жоқ деп танылған. Алайда мүлік кепілден алынған жоқ. Амалы құрыған ауыл халқы ел Президентіне хат жазған. Халық ендігі бар үмітті мемлекет басшысына артып отыр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары