$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.09.2021, 11:47
Қоғам

«Бұл - трагедия». Тоқаев Алматыдағы атыс туралы пікір білдірді

Алматыдағы атыс салдарынан 5 адам қаза тапты, бұл оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды

«Бұл - трагедия». Тоқаев Алматыдағы атыс туралы пікір білдірді
Azattyq Rýhy / Әсет Құндақбаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда болған атысқа қатысты пікір білдірді. Оқиға кезінде бес адам қаза тапты.

«Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтамын. Полиция қызметкері мен сот орындаушысы қызметтік міндетін орындады және өкінішке қарай оларға жасалған шабуылда қаза болды. Адамдарды өлтіруді себебі қандай болмасын ақтауға болмайды. Өркениетті қоғамда кез келген дау мен проблема тек құқықтық салада шешілуі керек. Сонымен қатар, болған трагедияны егжей-тегжейлі түсіну керек, бұл - трагедия», - деді Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте.

Президент Үкімет пен Алматы әкімдігіне Алматыдағы қайғылы жағдайдан зардап шеккеннің бәріне, бірінші кезекте балаларға қолдау көрсетуді тапсырды.

Мемлекет басшысы мұның банктердің кепіл саясатына, бағалау қызметін жетілдіруге, жеке сот орындаушылардың жүмысына және өзге де аспектілерге қатысты екендігін атап өтті. Бұл мәселеде ашық және бірыңғай сот тәжірибесін қамтамасыз ету маңызды екендігіне баса назар аудартты.

«Қайғылы жайттың мән-жайын тыңғылықты ашу керек. Мұндай жайт неліктен болғанын анықтау қажет. Кредиторлар мен проблемалы заемщылар арасындағы әсіресе тұрғын үйге қатысты қарым-қатынас өте нәзік. Мұны білеміз әрі заңдық жетілдіруді талап етеді.

Үкіметке, Ұлттық банкке және Қаржылық реттеу агенттігіне бір ай мерзімнің ішінде заңнамалық және нормативтік түзетілер топтамасын дайындау тиіс. Тағы да қайталап айтамын, егер оған қажеттілік болса. Дегенмен, мен мұндай қажеттілік туындап отыр деп санаймын. Бірақ, мамандар бұл проблеманы тағы да бір мәрте тыңғылықты зерделеуі тиіс. Сонымен қатар Үкімет пен Алматы әкімдігі қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің барлығына, бірінші кезекте балаларға қолдау көрсетуі қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, 20 қыркүйек сағат 17:00 шамасында Алматы қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданында қайғылы оқиға болды. 54 жастағы ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген сот орындаушыларына, полиция қызметкерлеріне және ТЖД қызметкерлеріне аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Нәтижесінде екі полиция қызметкері, бір сот орындаушысы және екі бейбіт тұрғын, соның ішінде үйдің жаңа қожайыны қаза тапты. Қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болған бесінші адамның жаңа үй қожайынының танысы екені анықталды.

Алматыдағы атыс бойынша «Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Белгілі болғандай, оның атына қару 2008 жылы тіркелген, күдікті психиатриялық диспансерде есепте болмаған.

Серіктес жаңалықтары