ШҚО-да жарты миллиард теңгеге салынған бассейн жарамсыз болып шықты
Ашылғанына 8 ай өтсе де тұрғындар әліге дейін бассейн суына түсе алмай келеміз дейді
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы былтыр пайдалануға берілген бассейн сапасыз болып шықты. Нысанды салуға мемлекеттен жарты миллиард теңге бөлінген. Соған қарамастан, тұрғындардың қолы сол бассейннің өзіне жетпей отыр деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Аталған нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған. Бассейн ашылғанда ардагерлер мен сал ауруына шалдыққан балаларға тегін болатыны да айтылған болатын. Бес жолақты бассейннің ұзындығы – 25 метр, ені 8 – метр.
Мәселе kurchum_patrioty Instagram-пабликте талқыланды. Ондағылардың айтуынша, бассейнның ашылу салтанаты болғанымен әлі ешкім суға түсіп көрмепті. Себебін білмек болған тұрғындарға аудандық әкімдіктен еш жауап болмаған.
«Бассейнді БАҚ беттеріне салынып бітті деп жаздыңыздар. Лентасын қиып, қабылдап алдыңыздар. Одан бері 8 ай өтті. Бассейнге түсіп көрмедік», - дейді жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде.
Бассейн салынғанда тұрғындар ерекше қуанған. Солардың бірі Әсел Рамазанова болатын. Өйткені сал ауруына шалдыққан баласына судағы ем-шараның бірнеше түрін жасайды екен. Өкінішке қарай, былтыр желтоқсанда пайдалануға берілген нысан сол күйі пайдаланылмай тұр. Жалғызбасты ана баласын жазда үйінің ауласындағы шағын бассейінге түсірген. Енді күн суытқан соң не істерін білмей отыр.
«Балам аралас сал ауруына шалдыққан. Бассейнге күнде апаруым керек. Себебі суда жасайтын бірнеше ем-домы бар. Алғашында нысан ашылды дегенде қатты қуанғандардың бірі мен едім. Қуанышымыз ұзаққа бармады. Алажаздай үйдің ауласындағы бассейнге түсіріп жүрдім. Енді күн суытса қайда барарымызды білмеймін. Тезірек ашылса жақсы болар еді», - дейді Күршім ауылының тұрғыны Әсел Рамазанова.
Жергілікті тұрғындар бассейнның сырты жалтырап, іші қаңырап тұрғанын айтады. Тіпті ішінде кейбір жөндеу жұмыстарының толық аяқталмағанын жеткізді. Сонда әкімдік бітпеген құрлысты қалай қабылдап, ашылу салтын қалай жасаған дейді олар.
«Аты бар да, заты жоқ болып қалды. Сыртынан қарағанда бәрі жақсы, ішінде бір тамшы суы жоқ. Жаңа су ағызатын жерін қарадық. Онда ешқандай құрылыс бітпеген. Суы қайда ағады? Олар су өткізгенде жүйені мамандарға көрсету керек еді», - дейді ауыл тұрғыны Нұрбек Байтұрсынов.
Қыруар қаржы бөлініп салынған бассейнде қауіпсіздік шаралары сақталмағанын тұрғындар айтты. Тіпті балалардың шығып-түсуіне қолайсыз көрінеді.
«Анау шұңқырдың ішіне қалай түсіп шығады?! Бір-ақ саты. Қол тайғанайды. Оған балалар түседі. Жарымжан балалар келеді. Қоршауы жоқ. Техникалық қауіпсіздік мүлдем сақталмаған. Біреу мерт болса кім жауап береді? Халықтың та жағдайын ойлау керек қой», - дейді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, бассейнді Күршім ауданы әкімдігі салғызған. Бірақ биыл қаңтар айынан бастап аудан, ауылдағы білім мен спортқа қарасты нысандар облыстық басқарманың басқаруына өткен.
«Нысанның сапасын тексеретін авторлық қадағалау бар. Техникалық қадағалау бар. Ол кісілер қол қойғаннан кейін қабылданып тұр», - деді Күршім ауданының әкімі Дулат Қаженов.
Таунар Қайратұлы, ШҚО