Суицид, аштық: Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері өз-өзіне қол жұмсамақ болған

«Жанұя» балалар үйінде бірнеше тәрбиеленуші тамырын кескен

Суицид, аштық: Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері өз-өзіне қол жұмсамақ болған
Коллаж: Azattyq Rýhy

Алматыдағы «Жанұя» балалар үйінің бірнеше тәрбиеленушісі өз-өзін өлтірмек болған. Мекеме басшылары айтқанға көнбеген оқушыларды жоғары сыныптағы ересек балаларға ұрғызып отырған.

Қызметінен босатылған экс-директордың орынбасары орталықтағы өзге де келеңсіздіктер жайлы айтып берді. Кеше балалар үйінің тәрбиеленушіні аяусыз ұрып-соқаны туралы видео көпшіліктің назарын аударды. Кейін бұл орталықта бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саинның бастамасымен тексеру жүргізіліп, прокуратура көптеген заңсыздық болғанын анықтады. Соның бірі - 58 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын ірі көлемде жымқыру фактісі. Қазір Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Azattyq Rýhy тілшісі қызметінен кеткен экс-директордың орынбасарымен кездесіп, мекемедегі жағдайды анықтап сұрады. Ол аты-жөнін көрсетпеуді өтініп, бұрынғы директордың тұсында не болғанын айтып берді.

«Мен жұмыстан босатылдым, бірақ бұл мәселенің жалғыз шешімі емес. Онда проблема өте көп. 3 қыркүйектен бастап жұмысқа шыққан кезде (директордың орынбасары - тілші) балалардың бәрі арықтап кеткенін көрдім. Тіпті, оларда бөлме ішінде киетін қарапайым тәпішке де болған жоқ. Шаруашылық меңгерушісіне барғанда, ол кейбірінде тәпшіке түгіл ішкиім де жоғын айтты. Бұның бәрін Марина Маратқызы да (экс-директор) білген. Балалардың шашы биттеп кеткен. Мұғалімдер мен тәрбиешілер балалардың басын биттен тазалаған. Бұл – немқұрайлы қарау», - деді ол.

Оқу орнындағы тәрбие ісіне жауапты маманның сөзінше, өзінің жұмыстан қуылуына ешқандай заңды негіз жоқ. Бірақ, қазір үш жыл бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстарына қол қойғаны үшін үстінен тергеу жүріп жатыр екен.

«Бағынбағандардың бәрін қорқытып ұстаған, жоғары сыныптың оқушылары арқылы айтқанға көнбегендерді ұруға мәжбүрлеген. Жұмыстан босату мотивациясында тергеу органдарынан ұсыныс келгені көрсетілген, бірақ онда қылмыстық іс қозғалғаны, оған қатысты қозғалған қылмыстық істің саны көрсетілмеген. Конституция бойынша бізде кінәсіздік презумпциясы бар. Бірақ іс материалдарына сәйкес, оларды алып тастау мүмкін емес. Әсіресе, оған үш жыл бұрынғы іс бойынша айып тағылған. Ол ағымдағы жөндеу жұмыстары орындалғандықтан, расымен де қол қойған. Бірақ үш жылдың ішінде прокурорлар екі рет тексеру жүргізді. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарына кепілдік тек бір жылға беріледі. Яғни, бұл жөндеу жұмыстары өзін ақтаған», - деді адвокат Адвахас Аханов.

Мемлекет қамқорлығындағы балаларды қарауға қомақты қаражат бөлінсе де, мекемедегі тәрбиеленушілер аш-жалаңаш жүрген. Тіпті, бастары биттеп кеткен. Тіпті, қоймада мерзімі өтіп кеткен өнімдер болған. Бұзылған өнімді жеген кейбір балалар уланған жағдай да болған. Мекеменің экс-директоры Марина Маратқызы бұл жағдайды мектептің сыртына шығармауды бұйырған. Алайда, мамандар аталған жағдайды дер кезінде емес, өздері де жұмыстан қуылған соң жариялаған. Тіпті, балалар үйіндегі кейбір тәрбиеленушілер суицидке барып, тамырын кескен жағдайлар да болған.  

«Марина Маратқызына балалармен жұмыс істеу үшін психолог қажет екенін айтқанда, ол психологты жұмыстан шығарып жібергенін мәлімдеген. Оның директорлық қызметке келгеніне небәрі 11 ай ғана болған және осы уақыт аралығында 50 адам жұмыстан кеткен.

Тәжірибесі бар мамандар қызметтен кетті де, олардың орнына лайықты адам келмеді. Нәтижесінде барлық балалар аш және олардың психикасы бұзылған», - деді адвокат Адвахас Аханов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.