Түркістан облысында есірткі сатқан мұғалім бас бостандығынан айырылды
Қазақ тілі пәнінен беретін мұғалім 10 жылға сотталды
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне аудан тұрғыны ірі көлемде есірткі заңсыз сақтап, оны өткізумен айналысатыны жайлы хабарлама келіп түскен. Полицейлер жедел-іздестіруге кірісіп, есірткі сату қылмысына қатысты күдіктіні қолға түсірген. Ол аудан мектептерінің бірінде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім болып шықты.
Жедел уәкілдер күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде, оның асханасындағы шкафтың үстінен 10 дана бөлек пакеттерге салынған хош иісті, жасыл түсті, есірткіге ұқсас затты тауып, тәркіледі. Сонымен қатар аталмыш асхананың шатырының үстінен, ақ түсті қапқа салынған есірткі затына ұқсас жасыл түсті зат тапқан. Табылған заттарға сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат 3 келіден астам «кептірілген марихуана» болып шықты. Тергеу барысында күдікті есірткі заттарын сату үшін бөліп, пакеттерге салғанын мойындады.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімге ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркеді. Күдікті қамауға алынды.
«Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жан-жақты жүргіздік. Күдіктіден барлық айғақты заттар тәркіленді. Сатуға, сақтауға, өткізуге, қолдануға заңмен тыйым салынған затты сату қылмысын соңына жеткізу бағытында қарқынды қызмет атқардық. Жинақталған іс-құжаттарын айыптау актісімен аудандық сотқа жолдадық. Соттың үкімімен 47 жастағы күдікті ҚР ҚК-нің 297-бабымен кінәлі деп танылып, оған 10 (он) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді тергеуші А. Шубай.