Алматыда үйі өртенген тұрғындар пәтерін ұры-қарыдан қорғап жүр
Әкімдік баспанасыз қалған 14 отбасыға пәтер береміз деп уәде етті
Алматыда алапат өрт салдарынан 14 отбасы баспанасыз қалды. Он күннен бері үй-жайынан айырылғандар уақытша пәтерге орналасып, көбі туыстарын жағалап жүр. Сондай-ақ өртенген үйін торуылдап, ұры-қарылардан сақтанып жүр, деп хабарлайды КТК.
Айтуларынша, ұрылар есік, терезе мен жарамды деген заттарға көз сала бастапты. Ал, арнайы комиссияның шешімін күтеміз деген әкімдік демеуші тауып, далада қалғандарға қамқор көрсетеміз деп басу айтуда.
Осыдан он күн бұрын екі қабатты үй түнгі уақытта түгі қалмай жанып кеткен болатын. Онда тұратын 14 отбасы сыртқа әзер шығып үлгерген. Қазір тұрғындардың біразы уақытша пәтерлерге орналастырылған. Алайда, олар өртенген үйдің апатты жағдайда екенін әкімдікке талай ескерткенін айтып отыр.
«Мен өзім бұл үйде 30 жылдай тұрамыз. Біз осы үйдің тұрғылықты тұрғындарымыз. Мен қанша рет жаздым. Сіздерге өтініш, бізде мына жерде тұйықталу болады. Тіпті, кейде киім үтіктеп жатсақ, жарықтың өзі өшіп қалады. Барып қосамыз ана жақтан. Ол жер жақында жанады деп айтатынмын. Мына үйдің әбден тозығы жеткен», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Бекзат Бақтыбекова.
Өрт салдарынан үй жарамсыз күйге жеткен. Мұндағы дүние-мүліктің 80 пайызға жуығы жарамсыз. Сонда да тұрғындар пәтерін күні-түні күзетуге мәжбүр. Айтуларынша, есік-терезе мен кейбір аман қалған заттарды ұрылар қолды еткенше, дүниелерін арзан бағаға сатқанды жөн көріпті. Өйткені 80 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген бұл үйді қайта қалпына келтіру мүмкін емес екен.
Күз жақындап қалды. Оқу жылы басталуға жақын. Балаларды сабаққа қамдау керек. Өйткені, уақытша тұрақтаған пәтерлерінің небәрі үй айға ғана ақысы төленген. Ал, әкімдіктегілер тілсіз жаудың ескі электр сымдарынан шыққанын растап, мәселені шешуге уәде етті.
«Техникалық-инструменталдық зерттеу өткізілген. 2 күнде қорытынды шығарылды. Бұл үйге жөндеу жүргізуге мүмкіндік жоқ деген қорытынды шығарылды. Сондай-ақ, әкімнің тапсырмасы бойынша 14 отбасына басқа пәтер беретін болдық. Оны біз келе жатқан 2-3 айда шешуге тырысамыз», - деп сендірді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.