Өскеменде мемлекеттік бағдарлама аясында салынған су жаңа үйдің қабырғасы жарылып кетті
Комиссия аталған үйді тұруға жарамды деп қабылдап алған
Өскеменде жаңадан салынған тағы бір тұрғын үйдің қабырғасы жарылып кетті. Нысан мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғызылған және пайдалануға небәрі бір жыл бұрын берілген деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Дәл осы жылдың көктемінде Өскемендегі Бауыржан Момышұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінің қабырғасы түн ішінде сөгіліп, тұрғындарды бір шошытқан. Осы жағдай екінші рет Есенберлин даңғылының бойында орналасқан 31/2 үйінде қайталанып отыр.
Тұрғындардың айтуынша, Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынған 5 қабатты тұрғын үй 2020 жылдың соңында пайдалануға берілген. Кешеннің құрылысы 2018 жылы басталып, 2020 жылы аяқталған. Су жаңа үйдің бір жылға жетер-жетпес уақытта мұндай күйге түскеніне тұрғындар қатты алаңдаулы. Қарызданып әзер қол жеткізген пәтері тұруға жарамсыз болса, көбінің барар жері жоқ.
«Мұнда көктемде көшіп келдік. Сәуір айында жаңбыр жауғанда төбеден су аға бастады. Ал мына қабырғадағы жарықты балконды қаптамақ болғанда көрдік. Қабырға 1-қабаттан 5-қабатқа дейін бір-ақ бөлініп кеткен. Енді бұл жерде қалай тұратынымызды білмеймін», - дейді осы үйдің тұрғыны Мақпал Мұхамадиева.
Мемлекеттік бағдарламамен бірнеше жылға ипотекаға алынған үйде негізінен жас отбасылар, мүгедек жандар мен зейнеткерлер тұрады. Тұрғындардың сөзінше, бірінші қабаттағы жарықтың көлемі кішкене болғанымен, жоғарғы қабаттарда 5-7 сантиметрге дейін жетіпті. Бұл жағдайдан кейін бала-шағасының қауіпсіздігіне алаңдаған кейбір тұрғындар туыстарының үйін паналауға мәжбүр болған.
«Бұл үйде тұрудың өзі қорқынышты. Кішкентай екі балам бар. Ал жарық пайда болған тұстағы пәтерде үш баласы бар отбасы тұрады. Кенеттен үй құласа ше? Алдымыз қыс, қайда барамыз? Бұл үйді қабылдап алған комиссия бізге жауабын берсін», - дейді осы үйдің тағы бір тұрғыны Мәдина Жүркібаева.
Ал бұл үйді салған мердігер компанияның басшысы Мақсат Шәкіров кемшілікті мойындап отыр. Тіпті жауапкершілікті өз мойнына алатынын жеткізді.
«Біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Болар іс болды. Енді мына үйдің жағдайын сараптайтын компанияны шақырамыз. Жарықтың неден пайда болғанын анықтап, кемшілікті қалпына келтіреміз. Әрбір үйге 2 жыл кепілдік береміз. Екі жыл ішінде бұл үйлерде пайда болған ақауларға жауап беруге міндеттіміз», - дейді ол.
Оқиға орынына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар барып, тұрғындармен кездесті.
«Есенберлин көшесі 31/2 мекен-жайындағы үйдің тұрғындарымен кездестік. Мекеме басшылығы өзінің жауапкершілігін толық мойындап отыр және кемшіліктерді түзету бойынша барлық жұмысты орындауға дайын. Кездесу барысында кемшіліктердің деңгейі мен жұмыстардың қажетті көлемін анықтау үшін тәуелсіз сараптама өткізу жөнінде келісім жасалды.
Сараптаманы бір уақытта екі түрлі компания жүргізеді. Олардың біреуін мердігер компания, екіншісін үйдің тұрғындары жалдайды. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін кепілдік міндеттеме аясында жөндеу бойынша барлық қажетті жұмыс атқарылады. Сонымен қатар, жұмыстардың орындалуы кезінде қажет болған жағдайда компания тұрғындарға уақытша баспана береді», - дейді Жақсылық Омар.
Одан бөлек, қала әкімдігі тұрғындарға «Үлбі» әлеуметтік орталығында уақытша тұру мүмкіндігін ұсынып отыр.
Айта кетейік, биылдың өзінде Өскемендегі мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасына шағымданғандар көп. Көпқабатты үйлердің қабырғалары жарылудан бөлек, төбесінен су сорғалап тұрған үйлер де бар.
Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы