2020 жылы Қазақстанда халық санағы жүргізіледі
Статистика комитетінің ресми сайтында 2019 жылдың 1 тамызындағы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы халық саны 18 млн 528,9 мың деп көрсетілген
Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің баспасөз қызметі Қазақстанда 2020 жылы халық санағы жүргізілетінін хабарлады.
«Халық санағын жүргізетін мерзім анықталды, санақ 2020 жылдың 1-30 қазаны аралығында жүргізіледі. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілді, планшетке арналған мобильді қосымша әзірленді - ол сауалнама жүргізуге мүмкіндік береді, респондеттердің өздері толтыра алатын санақ қағаздары бар арнайы сайт жасалды. «Аудандастыру» автоматтандырылған жұмыс орны бар. Санақ жүргізілген уақытта халықты қолдау мен ақпараттандыруға арналған call-орталық құрылды», - делінген статистика комитетінің хабарламасында.
2021 жылы халық санағының алдын-ала қорытындысын жариялау, ал 2022 жылы ақырғы қорытындысын алу жоспарлануда.
Әу баста санақ 2019 жылы жүргізіледі делінген еді, одан кейін санақ 2020 жылдың 5 ақпаны мен 5 наурызы аралығында жүргізіледі деген хабар тарады. Енді 2020 жылдың 1-30 қазанында жүргізіледі деген ресми хабар жарияланды.