$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.09.2019, 15:41
Қоғам

Он алты жастағы қыз әлем саясаткерлеріне назын айтып, жылады

Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ-ның саммитінде швециялық оқушы қыз ашу мен ызаға толы сөзін айтты. Грета Тунбергке саммитте экология мәселелеріне арналған сессияда сөз сөйлеуге мүмкіндік берілді. Ол саясаткерлерден табиғатқа кесірлерін тигізуді тоқтатуды талап етті.

«Сіздер осы күнге дейін бос сөздермен менің балалық шағымды, армандарымды ұрлап келдіңіздер. Менің ойымды осылай жеткізуге мүмкіндігім бар. Ал әлемде іштен тынып, қордаланған проблемаларды айта алмай, қиналып жүрген адам қаншама?!  Экологиялық жүйе күннен күнге құрдымға кетіп барады. Алайда сіздер жиналып алып,  ақша мен экономикалық өсім туралы ертегі айтудан жалығар емессіздер», дегенде, Гретаның көзіне жас  үйірілді.

Грета Тунберг сондай-ақ биліктің өсіп келе жатқан ұрпақпен санаспай отырғандығын сынға алды. Үміттер ақталмай жатыр. Сондықтан жастар мұны сатқындық деп қабылдайтынын айтты.

«Жас ұрпақ сіздерден үміт күтеді. Ал егер сіздер сол сенімді ақтамасаңыздар, өскелең ұрпақ сіздерді ешқашан кешірмейді. Жазадан құтыла алмайтыңдарыңызды ескертемін», - деді оқушы.

Грета Тунберг  2003 жылы швециялық актер мен опера әншісінің отбасында дүниеге келген. Ол орта сыныптарда оқып жүргенде депрессия мен психикалық проблемаларды бастан кешіріп, қоршаған ортаның проблемаларына қызығушылық таныта бастаған. Қыз отбасы мүшелерін ет жеуден бас тартуға себепкер болыпты. Time журналы 2018 жылы Гретаны әлемдегі ең беделді 25 жасөспірімнің тізіміне енгізді. Биыл Швецияда ол жыл әйелі атанды.

Экологиялық проблемаларды зерттейтін энтуизаст қыз ұшақпен қатынаудың орнына желкенді қайықпен жүруді таңдаған. Ол Нью-Йорктегі саммитке қайықпен жүзіп келді. Ол саммит аясында бірнеше беделді тұлғалармен жеке кездескен. Америкада Гретаны  БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш пен актер Арнольд Шварценегер қабылдаған.

 

Ришат Асқарбекұлы, тілші

Серіктес жаңалықтары