Дертіне шипа іздеген алматылықтар буддиске ағылып жатыр
Моңғолияның атақты халық емшісі, буддист қазақтарды емдеу үшін Алматыға келді. Ламаизм дінінің өкілі өздерінің құдайы Бурханға сиынатынын айтады. Қазақтар 80 жастағы буддистен шипа алу үшін кезекте тұр.
Бөхчулуун Дамдин Қазақстанға арнайы шақыртумен келген. Төрт күннен бері алдынан адам үзілмей жатқан 80 жастағы ақсақал, 2 жарым мың шақырым жолдан шаршап келсе де бір күннен соң жұмысына кірісіп кетті. Ми шайқалу, түрлі бас аурулары, бүйректің созылуы, буын аурулары, көз тию, бала көтермеу сынды өзге де денсаулығында кінараттары бар адамдарды қарайды.
Моңғолдардың уранхай руынан шыққан Бөхчулуун ақсақалды өзінің жолын қуған, 12 жасынан ламалық жолға түскен 40 жастағы ұлы Галөрөг ертіп жүр. Ақсақал емшілік қасиеттің ата-бабасынан бері жалғасып келе жатқанын айтады. Емшілік төртінші аталарымнан бері келе жатқанын білем, бұл қасиет 8 баламның (4 ұл, 4 қыз) екеуіне қазір дарыды, - дейді қолында биотоғы бар қарт.
Алматы іргесіндегі қазақтардың үйіне тұрақтаған қарт емші күн сайын 40-50 шақты адамды қарап үлгереді.
«Мақсатым адамға жақсылық жасау. Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Ерлерде бел аурурлары, әйелдерде жатыр аурулары көп екен. Монғолдарда мидың шайқалуы жиі кездеседі. Аурудың көбі негізінен бүйрекке де байланысты. Аяғы, буыны ауырып, тізесін баса алмау да көбіне бүйректің бұзылуынан, бүйректің төмен түсуі, тамырының жіңішкеруінен болады», - деді емші.
Ламаизм дінінің өкілі өздерінің құдайы Бурханға сиынатынын айтады. Халық емімен, буддалық іліммен кеңес кезінде адам қарауға тиым салынса да тығылып, ата салтын жалғастырған. Қартын жетектеп, баласын көтеріп қаралуға келген қазақтар қазір 80 жастағы буддистен шипа алу үшін кезекте тұр. Өзін Алтынгүл Миллионқызы деп таныстырған әйел ұлын, келін-немересін ертіп осымен екінші күн қатарынан келіп жүргенін айтты.
«Ол (Бөхчулуун) кісінің қолы қай жерге тиді, сол жердің бәріне әсер етті. Жақсы екен. Сездім. Біз бұл адам туралы бұрыннан еститінбіз. Тіптен шешем мен інім бұл емшіні Монғолияға арнайы іздеп те барған. Бірақ ол кезде кездесе алмады, адамдар өзге жаққа алып кеткен екен. Басым жиі ауыратын. Бүйректің ісігі басқа әсер етіп, енді аяққа шауып бара жатыр екен. Үш күнде нәтиже береді деді. Басымды ұстаған соң миым бос, солқылдап қалған сияқты болды. Ұлым, келінім, немерем, інім бесеуміз де емделіп жүрміз,- деді алматылық Алтынгүл Миллионқызы.
Алматыда тағы жиырма күндей аялдайтын лама-емші қызметі үшін ақы, ақша сұрамайды. Оның алған ең үлкен дәрежесі "Ард эмч", яғни "Халық емшісі" деген атағы екен. 12 жасынан бастап будда ілімін алған Галөрөг Бөхчулуунұлы да әке жолын қуған.
«Әкем Қазақстанға шығарда буддалық салтпен де емдеуге қажетті шөп, құмалақ, дұға кітаптарын, ламалық киімдері сынды өзге де қажетті заттарын салып алыпты. Монғолияның ішіндегідей деп ойлаған болуы керек, қарт адам ғой. Шекарада проблема болуы мүмкін деп түсіндіріп, қалдырып кеттік. Әрі мұсылмандардың арасында буддалық іліммен емдеуге рұқсат жоқ. Қазір әкемді Қарағанды, Астана, Павлодар жаққа да шақырып жатыр. Биотоғы бар, тамырдан-ақ көп ауруларды анықтайды, сипап емдейді. Адамдардың бергенін алады, дүние қумайды, құдайдың қасиетін халыққа көрсетуім керек деген мақсат онда», - деді Ард эмч-ге жол көрсетіп жүрген ұлы Галөрөг Бөхчулуун.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы