СҚО-да бас сәулетшінің қателігінен 54 млн теңгеге салынған жаңа ғимарат қайта бұзылғалы жатыр

Қателік жіберген бөлім басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 24 020 теңге айыппұлмен құтылған

СҚО-да бас сәулетшінің қателігінен 54 млн теңгеге салынған жаңа ғимарат қайта бұзылғалы жатыр
құрылыс ғимаратының фотосы

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында тұратын кәсіпкер екі жылдан бері жаңа дүкен ғимаратын қолданысқа енгізе алмай отыр. Құрылысқа 54 млн теңге жұмсалыпты. Сот қос қабатты нысанды қазіргі тұрған орнынан 6-8 метрге көшіру жөнінде шешім шығарған. Ол үшін дүкенді бұзып, қайта салу қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Татьяна Змеева осыдан 6 жыл бұрын Булаев қаласының қақ ортасынан жер телімін сатып алады. Бір кездері орнында дәмхана болған. Тиісті мемлекеттік органдар арқылы құжаттарын рәсімдеп, құрылысты бастап кетеді. Ауданның бас сәулетшісінің де рұқсатын бірден алған.

«Жақында зейнетке шығамын. Қазақстанда төленетін зейнетақы сомасы өте аз. Өзімді өзім қарттық шақта қамтамасыз ету үшін дүкен ашуды ұйғардым. Өмір бойы сауда саласында жүрген адаммын. Сондықтан байқап жүрмін, аудан тұрғындарына облыс орталығына барып-келу оңай емес. Булаев қаласында сапалы қызмет көрсететін сауда орындары жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтырғым келді. Тұтынушылар да қазіргі заман талабына сай сауда орталығының ашылар күнін күтіп жүр», - дейді Татьяна Змеева.

Дәмхана тұрған жерге 3 адам иелік етеді. Әрқайсы учаскені сатып алған. Татьяна Змеева да жылжымайтын мүлік үшін қыруар қаражат шығындаған. 2017 жылы өткен ғасырда салынған ғимаратты сүріп, құрылыс бастапты. Кәсіпкердің айтуынша іргетас қаланып, екі қабат толықтай салынып болғанша бәрі ойдағыдай жүзеге асқан.

«Учаске бөлініп сатылғандықтан М.Жұмабаев аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандарын шақырттым. Шекараны белгілеп, бекітіп алмақ мақсатта. Оларды ұзақ күтуге тура келді. Бұрынғы бас сәулетші, қазіргі Булаев қаласының әкімі Азамат Жаңбырбайұлына бардым. Ол жобаны құптап, құрылыс жүргізуге рұқсат берді. Тіпті орталық көшелердің бірінде тәртіп орнап, тазаланатынына ризашылығын білдірді. Бұрын ол жерде тозығы жеткен субұрқақ болатын. Маңында үнемі қоқыс жататыны есімде. Дәмхананың өзі апаттық жағдайда еді. Сәулетші көршілес шекарадан 1 метр қашықтық қалдырып, іргетасты қалауға болатынын айтты. Іштей таңданыс болды. Бірақ күнде өзгеріп жатқан талаптар тағы да жаңаланған шығар деп топшыладым да, маман пікіріне сеніп, соған құлақ асуды жөн санадым. Тиісті құжаттар рәсімделді. Оған бас сәулетші қол қойды. Нысанның іргетасы қаланғанға кейін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы келді. Олардың тарапынан ешқандай ескерту жасалған жоқ», - дейді кәсіпкер.

«ЖЕҢ ҰШЫНАН ЖАЛҒАСҚАН ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛТИЯДЫ...»

Құрылыс аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары басталғаннан кейін көршілес ғимараттың иесі Татаьяна Змееваның үстінен сотқа арызданады. Құзырлы орган шешімі кәсіпкерді қуантпайды. Өйткені, талап бойынша ғимаратты бұзып, көрші нысаннан кемінде 6 метрге алшақтату керек. 

«Көрші сотқа бергенде әбігерге түстік. Ол кезде ғимарат салынып болып қалған. Архитектор келіп эскиздік жобаны жоққа шығаратынын айтты. Төтенше жағдай қызметі келіп, өрт қауіпсіздігі талабы сақталмағанын айтты. «Атамекен» палатасынан көмек сұрадым. Содан бері тыныштық жоқ. Адвокат жалдауға тура келді. Енді көрші өз арызын қайтарып алу үшін 2,5 млн теңге талап етіп отыр. Мен келіспедім. Өйткені, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық қылтиып тұр. Ауызша келіссөз жүргізу мақсатында көршімен кездестім. Ол сөз арасында сотқа шағым түсіруге әкімдік өкілдері кеңес бергенін айтты. Шаш етектен шығынға баттым. 700 мың теңге баж төледім. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы бір ай бойы құжаттарымды тексеріп, ілік таба алмады. Сотта істі алдымен Алиева қарады, кейін Қожахметов. Бұл менің емес, сәулет бөлімінің қателігі. Ғимаратты бұзу үшін 17 млн теңге қажет. Менің ондай артық ақшам жоқ. Қай құзырлы органға барсам, бәрі әкімдікті қолдап отыр», - дейді Татьяна Змеева.

Өрт қауіптсіздігінің талаптарын ескерген сот құрылысты соңғы бастаған адам ғимаратты жылжытуы тиіс деп шешім шығарған. Шағымданушы арызын қайтарып ала алады. Ал заңгерлер мәмілеге келудің өзі заңсыздық екенін айтты.

«Бұл жерде мәмілеге келу жайында айтудың өзі артық. Сотта өртке қарсы талаптардың ескерілмегені дәлелденді. Сондықтан екі жақ келісе алмайды. Дүкен – қоғамдық орын. Бөлім басшысы шешім шығарарда оны білуге тиіс. Мүлікті сырудан басқа амал жоқ. Оған қаржы керек. Сот кәсіпкерді айыпты етіп отыр. Онымен келіспеймін. Біз жоғары тұрған сотқа арызданамыз», - дейді адвокат Олег Хрупин.

АЙЫППҰЛМЕН ҚҰТЫЛҒАН АЙЫПТЫ ҚАЛА ӘКІМІ БОЛЫП САЙЛАНДЫ

Құрылысқа 54 млн теңге жұмсалды. Енді оны бұзу үшін тағы 17 млн теңге керек. Қателік жіберген сәулетші жазаланды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 24 020 теңге айыппұл төлеген. Араға уақыт салып, Булаев қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Ол тығырықтан шығудың жалғыз жолы мәмілеге келу екеніне сенімді.

«Біз дауды бейбіт жолмен шешуге барымызды салдық. Бұл көршілес ғимараттардың иелерінің өзара тіл табысуы. Құжаттарды әзірлегенде техникалық регламент сақталуға тиіс. Өрт қауііпсіздігі мәселелеріне келер болсақ, біз жергілікті атқарушы орган өкілдеріміз. Бұл саланың маманы емеспіз», - дейді Булаев қаласының әкімі Азамат Қыраубаев.  

Көршілер татуласқанымен, ғимараттардың арасы өздігінен алшақтап кетпесі анық. Татьяна Змеева жаңа дүкенде 3 күн ғана жұмыс істеді. Несиеге алған тауарын сатып үлгермепті. Айыптылардан материалдық шығынды өндіріп алу жөніндегі арызын сот мақұлдамады. Енді кәсіпкер аппеляцияға бермек.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.