«Әке, мен чемпион болдым»: жарыстан кейін ата-анасына хабарласқан оқушы жұртты жылаты (ВИДЕО)
Әкесі мен баласының видеосы әлеуметтік желіде жарияланды

Әлеуметтік желіде жарыстан кейін әкесіне хабарласып, қуанышты жаңалығын хабарлаған мектеп оқушысы жұртты сүйсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желі қолданушысының айтуынша, Жетісу облысында ауыл балалары арасында үстел теннисінен өңірлік жарыс өткен. Олардың арасында Нұрасыл есімді оқушы ерекше көзге түсіп, 1-орын алған.
Енді алда оның Алматыда өтетін республикалық жарыс күтіп тұр. Ал егер оны жеңсе, шетелде Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
Облыстағы бәсекеде чемпион атанғаннан кейін Нұрасыл әкесіне хабарласып, қуанышты жаңалығын жеткізді.
«Әке, мен чемпион болдым, өз қатарымның арасында. Шын айтамын. Қазір марапаттайды. Енді Алматыда өтетін республикалыққа қатысамын», - дейді оқушы көзі жасаурап.
Баласының жетістігіне қуанған әке телефонның арғы бетінен жеңісі үшін сыйлық дайындап отырғанын жеткізді.
Әлеуметтік желіде тараған бұл видеоға жұрт түрлі пікір білдірді.
«Әкесі де, баласы да мықты», «Бір ауыз сөздің астында қаншама қамқорлық жатыр», «Әкеден осындай демеу болса, бала кез келген жерді тесіп шығады», «Ол жерде әкесінің эмоциясын түсінбейсіңдер. Әкесінің төбесі көкке бір елі жетпей қалды», «Маған да ұлым дәл осылай талай рет хабарласқан, әке-еу чемпион болдым дегенде жүрегім жарылып кете жаздайтын», «Құтты болсын, балақай, тек алға», - деп жазды желі қолданушылары.