Орал қаласында пара алған шенеунік 23,6 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді

Қаланың бас салықшысы болған Нұрлан Алхиев өмірінің соңына дейін енді мемлекеттік қызметте істей алмайды

Фотог: ашық дереккөзден

11 тамыз күні Орал қалалық соты Мемлекеттік кірістер басқармасының экс-басшысы Нұрлан Алхиевке қатысты үкім шығарды. Пара алды деген күдікке ілінген бас салықшыға қатысты үкімді судья Найля Жүнісова жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Мой город» порталына сілтеме жасап.

2020 жылғы 30 қазанда Нұрлан Алхиев Орал мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы болып тағайындалды.

«1 наурызда Нұрлан Алхиевке «СаудаЕт» ЖШС құрылтайшысы және осы кәсіпорынның бас бухгалтері келіп, шенеуніктен ЖШС-тің банктік шоттарынан шектеулерді алып тастауға көмектесуін сұраған. Алхиев бухгалтерден кабинетті тастап шығып кетуін сұрайды. Құрылтайшымен жалғыз қалған Нұрлан Алхиев қызметтік үстелден стикер алып, оған үш сұрақ белгісін жазады. Пара беруші жауап ретінде сол стикерге тағы сұрақ белгісін жазады. Содан кейін салықшы сол стикерге "1000" және " $ " белгісін жазды, бұл жалпы алғанда 1000 АҚШ долларын білдіреді. Алайда, бірнеше күннен кейін Алхиев ЖШС банктік шотынан шектеулерді алып тастай алмайтынын біліп, алған ақшасын (1000 АҚШ долларын) қайтаруға шешім қабылдайды. 16 наурызда ақшаны қайтару кезінде оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері ұстады», - делінген қаулыда.

Сот үкімімен Нұрлан Алхиев пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 23,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, сот оны өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Айта кетерлігі, Нұрлан Алхиев бас бостандығынан айырылған жоқ, сот залында босатылды.

Сондай-ақ, сотталушы айыппұлды толық көлемде төлемейді. Ол 2021 жылдың 16 наурызынан 11 тамызына дейін сот шешімі шыққанша тергеу изоляторында болды. Қамауда отырған әр күн 4 АЕК есебімен саналады.

Сотталған адам айыппұлды үкім заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде өтеуге тиіс. Үкім заңды күшіне енген жоқ және сотталушы 15 тәулік ішінде шағым жасау құқығына ие.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.