$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.08.2021, 11:42
Қоғам

Педофилдердің босатылуы, жазаның күшеюі, Петропавл тұрғындарының уайымы жайлы сарапшымен сұхбат

Жақында Петропавлда түрмеден шыққан педофил тағы бір кішкентай қызды зорлады

Педофилдердің босатылуы, жазаның күшеюі, Петропавл тұрғындарының уайымы жайлы сарапшымен сұхбат
Фарида Жақсыбекова, сарапшы

Петропавл тұрғындары мына бейбіт заманда балаларын далаға жіберуге қорқады. Себебі, бір апта бұрын 9 және 13 жасар қыз баласы зорлық құрбаны болды. Бірі қаладағы көше бойында, екіншісі аялдаманың артында зорланған. Бұл ауыр қылмысты жасаған зұлымның екеуі де ұсталды. Алайда, ата-аналардың бойында қорқыныш пен үрей, заңға деген сенімсіздік қалып қойды.

Осы ретте, Azattyq Rýhy тілшісі көп оқырманның сауалына жауап алу үшін Қазақстандағы педофилия тақырыбын зерттеп жүрген заңгермен тілдесті. М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінде teaching professor, заңгер Фарида Жақсыбекова, «педофилия – ауру» дейді.

ЕЛ КОЛОНИЯЛАРЫНДА 1861 ПЕДОФИЛ ЖАЗАСЫН ӨТЕП ЖАТЫР

«Педофилия - ауру, дерт. Тіпті, халықаралық аурулар тізбегіне енгізілген. «Педофилдерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет пе?» деген сұраққа жауап беретін болсақ, әрине, жас балалардың жыныстық құқығына қол сұққандар үшін Қылмыстық кодексте бірнеше бап бар. Соның ішінде 120-бапты алып қарайтын болсақ, ол «зорлау» қылмысын жасағандарға қатысты. Баптың 1-бөлігінде осындай қылмысты жасаған адамдарды жауапқа тарту мәселесі қарастырылған. 2,3,4-бөліктерінде ауырлатылған жағдайлар туралы анық айтылған. Балаларға қатысты жасалған зорлық - зорлау қылмысының ең ауыр түрі», - дейді заңгер. 

Маманның айтуынша, қазіргі таңда педофилдерге қатысты жаза қатаңдатылды.

«120-баптың негізінде айтатын болсам, педофилдерді қылмыстық жауапкершілікке тарту 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы соттау түрінде көзделген. Бұл соңғы рет енгізілген өзгерістер жазаның қатаңдатылғанын білдіреді. Бұған дейін тура осы қылмыс үшін 15 жылдан 20 жылға дейін соттау жазасы ғана қолданылатын», - дейді маман.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БАЛА ЗОРЛАҒАН ҚЫЛМЫСКЕР ЖАЗАСЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛЕДІ?

«Кәмелетке толмаған, жас балалар үшін жасалған қылмыстар үшін жазаны жеңілдету қарастырылмаған. Жалпы, Қылмыстық кодексте мына жағдайларда жаза жеңілдетіледі: тараптар татуласып, кешірім берген жағдайда, кінәсін мойындап келген жағдайда, содан кейін «ескіру мерзімі» деген ұғым бар. Мысалы, ұрлық жасаған адам ізін суытса, оның қылмысы бірнеше жылдан кейін белгілі болса, ол адам сотталмайды. Яғни, қылмыс ескіріп кетті деп саналады. Ал балалардың жыныстық құқығына қол сұғу қылмысына қатысты «ескіру мерзімі» деген ұғым жоқ. Олар бәрібір жауапкершілікке тартылады. Егер қылмыстық атқару жүйелерінде сотталғандар жақсы тәртіп көрсетсе, мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Ал бірақ педофилдерге қатысты мұндай жеңілдік жоқ және олар шартты түрде сотталмайды», - деп түсіндірді Фарида Сәтбергенқызы.

БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚҚАН ПЕДОФИЛ ҚАЙТА ЗОРЛАСА...

Петропавлда түрмеден шыққан педофил тағы бір кішкентай қызды зорлады. Бұл заңның әлсіздігін білдіре ме?

«Адам қылмыс жасады, оған сот 20 жыл тағайындайды. 20 жыл өткен соң оны біз бір күн де қылмыстық атқару мекемелерінде ұстап отыра алмаймыз. Оны бостандыққа шығарамыз. Бірақ қылмыстың қайталануы қазір көп кездесіп жатыр. Бұл жерде біздің айтарымыз - сотталып шыққан адамға қатысты әкімшілік бақылау жүзеге асырылады. Міне, осы жүйе әлсіз. Қылмыстық атқару кодексінде жазасын өтеп шыққан педофилдерге қатысты әкімшілік бақылау жасалуы тиіс екені анық жазылған. Яғни, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің инспекторлары түрмеден шыққан сотталушыны бақылауға алып, көрсеткен мекен жайы бойынша тұрып жатыр ма, жұмысқа тұрды ма, әлде көңіл көтеріп жүр ме, бәрін қадағалауы керек. Менің ойымша, жазасын өтеп болғаннан кейінгі сол адамды бақылау қызметін күшейту керек. Яғни, олардың қайтадан қылмыс жасауына жол бермеуін қамтамасыз ету керек. Петропавл қаласындағы оқиға – әкімшілік бақылау жүйесі әлсіздігінің көрінісі», - дейді спикер.

Фариза Сәтбергенқызы педофилдерге қатысты медициналық мәжбүрлеу шаралары туралы айтты.

«Оның бірі - химиялық кастрация. Әрине, оны барлық сотталғандарға қолдана алмаймыз. Тиісті сот медициналық сараптама қорытындысы болуы тиіс. Химиялық кастрация түріндегі мәжбүрлеу шарасының күші 6 айға дейін ғана созылады. Дегенмен, осындай мәжбүрлеу шарасын қолданғанды да дұрыс деп санаймын.  

Біз бұны латентті қылмыс дейміз. Себебі, кішкентай бала үлкендерден жасалған қысым туралы қорыққанынан айтпай қояды. Өгей әкелерінен қорлық көру, балалар үйінде, интернаттарда үлкендерден қысым көру фактісі жиі тіркеледі. Жас балалар оны айтуға қорқады», - дейді.

Дегенмен, Фарида Сәтбергенқызы педофилдердің де басқа азаматтармен тең құқылы екенін еске салды.

«Сотталғандар да басқа азаматтар сияқты құқық пен бостандыққа ие бола алады. Бірақ жаза түріне байланысты олардың кейбір құқықтары шектеледі. Қылмыстық кодексте жазаның 6 түрі бар. Заң күшейтілді, қылмыстың санын азайту үшін бақылау шараларын қатаңдату қажет», - деп қорытындылады сөзін спикер.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары