Павлодарда апатты деп танылған үйді тек қағаз жүзінде бұзған

Онда адамдар әлі тұрып жатыр

Павлодарда апатты деп танылған үйді тек қағаз жүзінде бұзған

Тозығы жеткен ескі ағаш үйде қазір 8 отбасы тұрып жатыр деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Есік-терезе алқам-салқам, пәтерлердің іші адам көргісіз. Үйдің төбесі құлайын деп әрең тұр. Тұрғындар «басқа барар жеріміз болмаған соң, амалсыздан осында тұрып жатырмыз» дейді.

Бұл үйде адамдардың өмір сүруіне мүлдем жағдай жасалмаған. Бұзылады деген желеумен баспананың су, кәріз желілері ажыратылған. Ал тұрғындар ғимараттың «құжат түрінде бұзылып кеткенін» жақында ғана білген.

«Біздің үй қағаз жүзінде 2019 жылы бұзылып, орнына жаңа үй салынған дейді. Біз осыны түсінбей әлекпіз. Сонда біздің пәтеріміз қайда кетті? Ешбір шенеунік осыған жауап бермейді. Бұның өзін біз кездейсоқ біліп қалдық. Қаланың жаңа жоспарында біздің үй жоқ. Ал ондағы мамандар картадан іздеп таппай өздері аң-таң болып отыр. Сендер әлі тұрып жатырсыңдар ма дегендей түрмен қарайды», — дейді Елена Смирнова есімді тұрғын.

Ал әкімдік өкілдері ескі үйлердің кезең-кезеңмен бұзылатынын айтады. Биыл екі қабатты 19 үйді бұзу жоспарлаған. Оның ішінде біз айтқан осы үй де бар.

«Циолковский көшесі 19/1 мекен-жайы бойынша орналасқан тұрғын үй биыл бұзылатын үйдің тізіміне кіреді. Бұл үйдің тұрғындарын қоныстандыру мәселесі ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін шешілетін болады», — дейді Павлодар қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Жансерік Қапзолла.

«Сарыарқа» шағын ауданындағы ескі ағаш үйлерде 150-ден астам отбасы қоныстанған. Олардың 33-іне уақытша тұру үшін баспана берілген. Ал қалғандарының мәселесін әкімдік осы күзге дейін шешеміз дейді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.