$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.07.2021, 16:00
Қоғам

Нонсенс. Өскеменде көпбалалы отбасылар үшін салынған үйде не балалар ойнайтын аула жоқ

Су жаңа үйдің шатырынан су ағып жатыр

Нонсенс. Өскеменде көпбалалы отбасылар үшін салынған үйде не балалар ойнайтын аула жоқ

Өскемен қаласында мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты тұрғын үйге қатысты шу шықты. Мердігерлер не жарығы, не суы қосылмаған үйді қолданысқа берген дейді мұндағы тұрғындар. Үй иелері ипотека төлеп, онымен қоймай жалдамалы пәтерде күнелтіп жүр.

Әуелде, үйдің кілтін бермей елді зар қақтырған компания, енді ең бірінші қажеттіліктегі тіршілік көзіне қосылу үшін мүлік иелерінің бірлестігін құру қажеттігін айтады. Алғашында тұрғындар шарасыздықтан суды бұлақтан тасып ішкен.

«Бізде электр қуаты жоқ, ыстық су берілмеді. Алғашында ішетін ауызсу да жоқ болды. Дәретханаға сыртқа барып жүрдік. Өйткені су жоқ. Бала-шағамыз бен зейнет жасындағы қарттарымыз бар. Қиналып кеттік. Ипотека үшін ай сайын 102 000 теңге төлеймін. Енді басқа жақтан пәтер жалдап тұрудан басқа амал жоқ. Электр көзінің қашан іске қосылатыны белгісіз. Тіпті тамақ істеп іше алмай қалдық. Жағдай реттелгенше пәтер жалдап тұрып жатырмын. Ай сайын 70 000 мың теңге төлеймін. Жауапты тұлғалар мәселемізді тезірек шешіп берсе», - дейді Айжан Сариева есімді тұрғын.

Тұрғындар суды бұлақтан тасып ішіпті. Бірақ оның қайдан шығып жатқанын және ішуге жарайтын-жарамайтынын ешкім білмейді.

«Мен бесінші қабатта тұрамын. Көршілеріміздің кейбірі қайта көшіп кетіп жатыр. Бізге электр энергиясы пен су мәселесін шешіп берсе игі еді. Үй ақаулармен пайдалануға берілді. Біз мүлік иелері бірлестігіне маусым айында тіркелдік. Қазіргі уақытта олар бізді электрмен және ыстық сумен жабдықтай алмай отыр. Өйткені құрылыс салушылар мен құрылыс бөлімінің ілеспе құжаттары жоқ», - дейді үйдің тұрғыны Анар Сәдуақасова.

Тұрғындар бұл жағдайға мердігер компанияны кінәлайды. Ал мердігер тұрғындардың өздерін кінәлауда.

«Электр қуаты, жылу жүйесі, су құбыры – барлық құжаттар, тиісті актілер, салыстыру актілері, сынақ хаттамалары тапсырылды. Енді жалға алушылардан осы желілерді одан әрі қызмет көрсетуге келісімшарттар ғана күтілуде. Бұл тұрғындардың кінәсі емес. Ол мемлекет енгізген жаңашылдық – МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі). Енді ПИК жоқ. Тұрғындар МИБ-ке тіркелуі керек. Ал өкілі тиісті қызмет көрсету органымен келісімшарт жасасуы тиіс. Тек келісімшарттан кейін ғана қосылу жүреді1, - деді «Сервис СМУ» құрылыс компаниясының құрылыс жұмыстарындағы тікелей басшысы Бибол Әзімхан.

Қалалық құрылыс бөлімі мамандары барлық көмек көрсетіліп жатқанын алға тартады.

«Меншік иелері бірлестігін анықтауға және тіркеуге байланысты қалалық коммуналдық қызметтердің әл-Фараби даңғылындағы 26-шы тұрғын үйді қабылдау мерзімі кешіктірілуде. Тұрғын үйдің МИБ-і Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде тіркелді және «Өскемен қаласының құрылыс бөлімі» ММ ағымдағы және техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға сенімгерлік басқару шарты жасалды. Бүгінгі күні қалалық құрылыс бөлімі үйді жылу-су-элетрмен жабдықтау және канализация желілеріне қосуға, сондай-ақ, байланыс мәселесін шешуге жан-жақты көмек көрсетуге арналған барлық құжаттарды коммуналдық қызметтерге ұсынды. Пәтер иелері жеке шоттар ашуы үшін МИБ өкілі коммуналдық қызметтермен жұмыс жасауы тиіс», - дейді қалалық құрылыс бөлімінің мамандары.

Пәтер иелері бұған дейін Өскемен қаласының әкіміне хат жазған. Олардың айтуынша, жақын арада мәселе шешілмесе, аулада от жағып, тамақты да аулада дайындайтын болады.

Ал әл-Фараби көшесі №32 үйдің тұрғындары жаңбыр жауса қолдарына шелектерін алып, сақадай сайланады. Себебі жауынды күндері көпқабатты үйдің іші шағын көлшікке айналады.

«Мен көпбалалы анамын, 6 балам бар. 2020 жылдың қазан айында бағдарлама бойынша 3 бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Сол кезде қатты қуанғаным рас. 6 баламен пәтер жалдап тұрудың қиындығын бір кісідей көрдік. Бірақ мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы сын көтермей жатыр. Жаңбыр жауған сайын үйдің төбесінен су ағып, мазамызды әбден алды. Тіпті өткенде үйдің іші көлшікке айналып, бала-шағамызбен шелектеп су шығардық. Тоқтарды айырып-қосқыш щиттардың төбесінен су сорғалағанда шошып кеттік. Алда-жалда бәрімізді тоқ соғып, мерт қылуы әбден мүмкін. Бұл жағдай жаңбыр жауған сайын қайталанады. Баспалдақтың кейпі мынау. Астына пенопласт, соның үстіне цемент жаба салған», - дейді күміс алқа иегері Ғалиянұр Ынтықбаева.

Айта кетейік, бұл үй көпбалалы аналарға және балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан жастарға, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап салынған болатын.

«9 қабаттың кем-кетігін есептей берсе, санап бітпейсіз. Оның бәрін көрсетіп шығу үшін тіпті бір күн жетпейді. Мұнда істелмеген жұмыстар жетеді. Әкімдіктің табалдырығын тоздырып болдық. Бірақ нәтиже жоқ. Өткенде тіпті, қала әкімдігі бізге «сендер үйді заңсыз, жолдан алғансыңдар» деп ауызымызды жаппақ болды. Айналып келгенде бізге қарайтын ешкім жоқ, ешкімге керек емеспіз», - дейді көпбалалы ана.

Ол аздай көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген нысанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус жоқ.

«Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус та жоқ. Кіре берістегі баспалдақтың жанына сүйірлеп цемент жая салды. Онысынан арбаны қойып, сау адам әрез шығады. Өте тік жасаған. Арбаны бір адам сүйреп шығу мүмкін емес. Бірнеше рет кішкентай балалардың коляскасы ауып түскен. Мердігер жұмысты қалай ойлап істегеніне біздің ойымыз жетпеді», - дейді тұрғындардың бірі.

Бір таңғаларлығы, көпбалалы аналарға салынған үйдің ауласында балалар ойын алаңы да жоқ. Балалар болса көрші үйдің ауласындағы ойын алаңына телміруде. Көпбалалы ананың айтуынша, мүнда екі-үш үйде 200-ге жуық бала бар екен.

«Бізге балаларға арналған ойын алаңы керек. Баламыз ойнау үшін көрші үйдің ауласына барады. Ол жақта да бала көп. Бізді жолатқылары келмейді. Осылай талай жанжал шыққан. Әкімдік мәселемізді ескерусіз қалдырып отыр. Мұнда тұратын әр отбасында 4-5 бала бар. Сенбесеңіз санп шықсаңыз», - дейді Ғалиянұр Ынтықбаева.

Шынында да, аталған үйдің ауласынан балаларға арналған ойын алаңын таппадық. Ересек адамдарға арналған жаттығу темірлері ғана тұр. әл-Фараби көшесі 34 үйдің ауласында ғана шағын ойын алаңын көзіміз шалды.

«Үнемі осында келіп ойнаймын. Мұнда достарым көп. Кезекпен ойнаймыз. Үлкен темірге шыға алмаймын. Үйміздің алдына ойнайтын жер салып беріңіздерші», - дейді Айару есімді кішкентай тұрғын.

Былтыр күзде берілген үйге 100-ден астам отбасы көшіп келген. Үй сапасына күмән тудырған олар күдіктерін құзырлы органдарға жеткізеді. Атқамінерлер кемшіліктің бәрін жоюға уәде еткен. Тұрғындар болса түзетіліп жатқан кемшіліктерді әлі көрмедік дейді.

«Қала әкімдігі бастапқыда кемшіліктердің барлығын түзетеміз деген. Тіпті мердігердің екі жыл кепілдік мерзімі бар екенін де айтты. Міне бір жыл өтті. Өзгерген түк те жоқ. Керсінше кінәраттары шығып жатыр. Ертең мердігердің мерзімі аяқтаса, сонда сапасыз жұмысты кім қалпына келтіреді», - дейді ашынған ана.

Көпқабатты тұрғын үйді қабылдап алған комиссияның бұл кемшіліктерді неге ескермегені белгісіз. Ал мердігер компанияның кепілдік мерзімі аяқталмаған. Сондықтан, жөндеу жұмыстарының жүргізілетінін айтып сендірген. Қазір бұл іс бақылауда.

Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары