Елімізде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы қандай деңгейде?
Жүргізілген мониторинг жұмыстарына сәйкес, халықтың басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жоғары бағалаған
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалауға бағытталған мониторингтің нәтижелерін ұсынды деп хабарлайды Azattyq ruhy тілшісі ranking.kz сарапшыларына сілтеме жасап.
Аталған мониторинг, яғни зерттеудің мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, қолжетімділігіне және көрсетілу тәртібіне қанағаттану деңгейін және өзекті проблемаларды анықтау.
Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 70 түрінің сапасын бағалау бойынша қоғамдық мониторинг жүргізген. Сауалнамаға Қазақстанның барлық аймағынан 9 мыңнан астам респондент қатысқан (жеке және заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, эксперттер), соның ішінде 260-тан астам елдімекен қамтылған және басқа елдерде тұратындар да пікір білдірген.
Жүргізілген мониторингтің нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 75,1%-ы мемлекеттік қызметтердің көрсету сапасына қанағаттанатыны мәлім болған.
2020 жылғы рейтингте мемлекеттік органдар ішінде Ұлттық экономика министрлігі 5 баллдың 4,87-ін жинап, тізімде бірінші орын алған. Сонымен қатар, аталған ведомствоның көрсетететін мемлекеттік қызметтеріне азаматтардың 88,1%-ы қанағаттанатыны белгілі болған.
Екінші орынға 4,86 балдық және 88,7% көрсеткішпен Қорғаныс министрлігі жайғасқан. Үшінші орында – Сыртқы істер министрлігі (4,81 балл және 87,6%).
Рейтингтегі аутсайдерлер қатарына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі (4,59 балл немесе 72,1%), Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (4,53 немесе 72,6%) және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (4,49 немесе 70,6%) енген.
Жергілікті атқарушы органдардың ішінде Ақмола облысы көш бастап келеді (4,73 балл немесе 80,3%). Екінші және үшінші орындарға Павлодар облысы (4,71 немесе 78,4%) и ШҚО (4,68 немесе 77,2%) жайғасқан. Ал аутсайдерлер – Шымкент (4,56 немесе 73,4%), Алматы (4,56 немесе 73,3%) және Нұр-Сұлтан (4,56 немесе 72,7%) қалалары.
Мониторинг барысында азаматтар мемлекетік органдардың шағымдарға кері байланысының әлсіздігіне, ашық ақпарат көздерінде мемлекеттік қызметті алу реті және тәртібі бойынша ақпарат табу күрделілігіне наразылық білдірген.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалауда келесі критерийлер негізге алынған:
- органдар ғимаратына кіру мүмкіндігі, қызмет көрсетушілерге қолжетімділік, қызмет тұтыну барысының қолайлығы;
- ақпарат (қызмет көрсету тәртібі және реті бойынша толық ақпарат), қызметкерлер (персоналдың және виртуалды консультанттардың жұмысы);
- қызмет алу процедурасы, күту мерзімдері және уақыты, шығындар, кері байланыс (шағымдану тәртібі және нәтижесі).