$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.07.2021, 11:49
Қоғам

Нұр-Cұлтан, Қарағанды және Атырау қалаларында ауа ластануының ең жоғары деңгейі тіркелген

Елордалықтар шаң ғана емес, оксид, көмірқышқыл газы, азот диоксиді, күкіртсутек, фтор сутегін де жұтады

Нұр-Cұлтан, Қарағанды және Атырау қалаларында ауа ластануының ең жоғары деңгейі тіркелген
Inbusiness.kz

Соңғы бес жылда Орталық және Шығыс Қазақстанның өндірістік қалалары атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейін көрсетіп келеді. Сонымен қатар, бұл қалалар өлім саны бойынша да алда келеді деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Kursiv іскерлік басылымына сілтеме жасап.

«Қазгидромет» РМК 2021 жылдың I тоқсанындағы қазақстандық қалалалардың ластану деңгейі бойынша есепті жариялаған. Аталған зерттеу стационарлық бақылау бекеттері орнатылған және жұмыс істеп тұрған 45 елдімекенді (қалалар мен кенттер) қамтыған.

Сарапшылар экологиялық ахуалды зерттеу барысында екі негізгі көрсеткішті қолданған: ластанудың стандартты индексі және кез келген ластаушы заттардың рұқсат етілген нормадан асып кетуінің бірнеше рет қайталануы. Осы факторларды ескере отырып, отандық басылым ең ластанған қалалардың тізімін жасаған.

Алғашқы үштікке Нұр-Сұлтан, Қарағанды ​​және Атырау қалалары жайғасқан. Бұл қалаларда ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ластанудың жоғары стандартты индекстері ғана емес, сонымен қатар экологиялық тұрғыда қолайсыз құбылыстардың жиі қайталануы тіркелген. «Қазгидромет» РМК экологиялық мониторинг бөлімінің мамандары аталған үш қаланы ластану деңгейі өте жоғары «қызыл» қалалардың қатарына кіргізген.

«Қазақстанның астанасында ауаны ластаушы заттардың тізімі басқа өңірлерден әлдеқайда көп екені анықталды. Астаналықтар шаң ғана емес, оксид, көмірқышқыл газы, азот диоксиді, күкіртсутек, фтор сутегін де жұтады. Жыл басында Нұр-Сұлтан Дүниежүзілік ауа сапасы рейтингі (World Air Quality) бойынша планетаның ең ластанған бес қаласына кірді. Бұған әсер еткен – ұсақ шаңның жоғары концентрациясы», - деп жазады басылым.

Қарағанды ​​ауасында шаңнан бөлек көміртегі оксиді мен күкіртсутектің жоғары концентрациясы тіркелген. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында бұл қалада жоғары ластанудың 175 дерегі тіркелген (республика бойынша 184 фактінің ішінде).

Атырауда ең көп таралған ластаушы заттар – шаң мен күкірсутек. Ағынды сулар ағып жатқан буланған өрістерден жағымсыз иіс шығады. Қаладан бірнеше километр жерде орналасқан «Тухлая Балка» деген жерге канализациялық ағын құйылып, оның буының салдарынан жағымсыз иіс пайда болады. Бір жыл бұрын Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев атыраулықтарға бұл проблемаларды шешуге уәде берген болатын. Алайда, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Атырауда күкіртсутекпен жоғары ластану деңгейінің сақталуын ескерсек, түбегейлі өзгерістер әлі болған жоқ дейді басылым.

«Қызғылт сары түс» аймағына алты қала енген – Өскемен, Алматы, Балқаш, Жезқазған, Ақтау, Теміртау. Бұл қалалар ластану деңгейі жоғары елдімекендерге жатады.

Сарапшылар «сары» аймаққа ластану деңгейі жоғарылап жатқан елдімекендерді кіргізген. Сондықтан бұл тізімдегі 16 қаланы да ауасы таза елдімекендер деп атауға болмайды. «Жасыл» аймаққа 17 елдімекен, оның ішінде Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, Алтай қаласы (бұрынғы Зыряновск), Қордай, Орал және басқа қалалалар енген.

Серіктес жаңалықтары