«Айтсаң, ініңді өлтірем». Алматы облысында туысы зорлаған 13 жастағы оқушы қыз жүкті болып қалды
Ауыл тұрғындары күдіктіні үйқамақта ұстау туралы пәрмен берген сот шешіміне наразы
Алматы облысында 8-сыныптың оқушысын туыс ағасы зорлаған. Нағашысы 13 жастағы жиен қарындасына алғашқы азғындық әрекетін биыл қаңтар айында жасаған. Қорқыныштан ешкімге тіс жармаған оқушының зорлыққа ұшырағанын ата-анасы сыртқы келбетіне (іші шыққан) қарап білген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жиенін жүкті еткен 37 жастағы жігітке сот санкция салмай, үйқамаққа алу туралы қаулы шығарған. Жігіттің тергеу изоляторына қамалмағынына наразы ауыл тұрғындары ашумен судьяның үйіне дейін барған. Ауылдан аудан орталығына ағылған бір топ тұрғын сот төрағасын үйінен шығара алмаған. Райымбек ауданына қарасты Саржаз ауылында бір аптадан бері береке жоқ. Жаға ұстатар жайтты білген халық есеңгіреп қалған. Ауыл ақсақалдары бастап, жас жігіттер қостап жиналыс та жасаған. Торыққан, әрі қорланған ел судьяның шешіміне ашуланғанымен, ауданнан жеткен басшылар бірнеше күн мұрсат сұрап, елді тыныштандырып қойған. Ең сорақысы, кәмелет жасқа толмаған қыз зорланып келген жүрген бөлмеде сол үйдің үш кішкентай ұлы бірге ұйықтап келген.
«Ол менің туған інім, 1984 жылғы, үйленбеген. Мен ондай қастық істейді деп ойлаған емеспін. Керісінше, жиендерін қорғайтын осы нағашысы деп ойладық. Әкесі де оған сенді. Сөйтсек, бұл қаңтар айынан бастап болып жатқан оқиға екен. Қызым ішін тартып тастаған. Тісім, ішім ауырды дейді, сұрасақ айтпайды. Ішін қатты тартып тастағаннан іштегі баланың басы қысылып қалыпты. Қызымды Алматыдағы емханаға апарып, тексерттік. Сол кезде көзіміз жетті. Егер қызым бар шындықты айтқанда, қаскөйді сол сәтте-ақ полицияға ұстатар едім. Басында қызымды қорқытып, қолын қайырып, аузын басып зорлаған. Қызым үш інісімен мына бөлмеде жататын, ал інім мына ауызғы бөлмеде ұйықтайтын, оған осы жерге төсек салып беретінмін. Үш жылдан бері біздің үйге келіп-кетіп жүрді. Жаңа жылда мен Алматыдағы ауруханаға кеттім, сол кезде келіпті. Күйеуім айтты, інің келді деп. Ойымызда еш күдік болған жоқ. Түн ортасында мас күйінде келіп зорлаған», - деді жәбірленуші Дария Қасқабаева (анасының өтінішімен аты-жөні өзгертілген - ред).
Туған інісінен мұндай азғындықты күтпеген көпбалалы ана қазір қызын тәулік бойы күзетіп келеді. Ұзақ уақыт сөйлескеннен кейін ғана жәбір көрген қызы сырын айта бастаған. Ал оқушының нағашы ағасы еш қымсынбастан арыз жазылғанға дейін балалармен бір бөлмеде ұйықтап жүрген. 14 жасқа жуырда толған оқушы қыздың қанша уақыт жыныстық қатынаста қорлық көргені де белгісіз.
«Мен жұмысқа, жолдасым ауруханаға кеткенде азғын әрекетін үйде асырып отыр. Үйде ешкім жоқ. Аузын басып, тұншықтырып, қолын артына қайырып, қызды әбден қорқытқан. Қызым маған айтқанда сол кезде-ақ зорлаған Қалибек Боқбасаровтың көзін құртар едік. Ол Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылында тұрады. Кешірім бермеймін. Ауылдың азаматтары оңбағанды өлтіреміз, қайда ол деп келді. Әкім, басқа басшылардан ешкім келмеді. Қалибек жылда көктемде келіп картоп егетін, еңбегін төлеймін. Жгіттерге барып, түнде ішіп келеді. Біз ұйықтап қаламыз, бұлай болады деп еш уақытта ойымызға кіріп шықпапты. Мен өзім басқа бір кәсіпкердің жұмысшысымын. Алты балам бар. Мына қызым үйдің үшіншісі, бауырларына бас-көз болады. Үлкен ұлым мен қызым қалада. Қарт анам бар, бұл жағдайды анам естісе жүрегі жарылып кетуі мүмкін. Сотталуы керек, қамалуы керек. Оны босатқан судья, ертең барып судьяның үстінен арыз жазам. Неге жібереді оны, мына балаларыма қастандық жасауы мүмкін. Өлтірем деп жүріпті оларды», - деді зорлық көрген қыздың әкесі Ерлан Орынбасаров (әкесінің өтінішімен аты-жөні өзгертілген - ред.).
«Халық білсін, үйінде туысқаны жүр екен деп сенбесін. Бұндай қайталанбаса екен деп тілеймін. Бауырларын, туыстарын үйлеріне жатқызған адамдар балаларын қадағаласын. Біз сияқты сенімді түрде, өзінің бауыры ғой деп алданбасын. Бұл құдайдың маған берген сынағы шығар. Екі ортада қызымның өмірін қор қылды. Інім заң жүзінде сотталсын. Бірақ оған дейін ол қамауда болуы тиіс, біз қастандық істейме деп қорқамыз. Талабым - сот әділ шешім шығарып берсе. Біз 26 шілде күні арыз жаздық. Бізге үйқамаққа шығармыз деп айтты. Біз неге үйқамаққа шығарасыздар, қамалып жатсын дедік. Бұлар босатқан, жігітті үйіне апармағанда, таксимен кеткен, не полиция жоқ қасында. Сол күні күдікті үйге де бармаған, оны іздеп полиция да бармаған. Біз шу шығарған соң ғана үш күннен соң күдіктіні өз үйінде күзетуге бүгін ғана полицияны қойды. Біз одан қорқамыз, ол қастық жасауы мүмкін. Ол бізден өш алауы мүмкін, бізді, кішкентай балаларымды өлтірем деп айтқан екен. Біз судьяға ренжуліміз. Ауылдан 4-5 машина болып халық жиналып бардық. Бізге ескертпестен шығарып жіберіпті. Сондағы сылтаулары ауданда екі күннен артық қамайтын жер жоқ. Қызымда, кішкентай ұлдарыммен бәріміз үрейде отырмыз. Қызымды әбден қорқытып тастаған. Қызым мына үш ұлдың ең кішкентайын қатты жақсы көреді, бір жаққа кетсек бауырларына осы қызым қарап қалатын. Айтсаң ең жақсы көретін ініңді өлтірем, өзіңді өлтірем деп қорқытып келіпті», - деді қыздың анасы.
Облыстық соттың мәліметінше, аталған істі судья Тұрсынбай Сексенбаев қараған. Аудандық сот төрағасының міндетін уақытша атқарушы Сексенбаевқа күдікті жасаған әрекетін бірден мойындап, бірақ жиенін зорламай, жыныстық қатынас «келісіммен» болғанын ашық айтқан. Аса ауыр қылмысқа барған күдіктіге бұлтартпау шарасы қабылданбай, үйқамаққа жіберілген. Алдағы уақытта 37 жастағы жігіттің әрекеті Алматы облысындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралуға тиіс.
«29.07.2021 жылы Алматы облысы Райымбек аудандық сотымен ҚК-тің 120 бабының 3-1 бөлігімен көзделген қылмысты жасады деген айыппен «күдікті» ретінде азамат Б.-ға қатысты бұлтартпау шарасын қолдану туралы материал қаралып, сотпен күдіктіге «үй қамақ» бұлтартпау шарасы тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi бойынша өзге мағлұмат ҚК-тің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды», - деп хабарлады Алматы облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Қаңтар айынан бастап зорлыққа ұшыраған оқушының қиын жағдайынан мектеп директоры да, мұғалімі де, тәрбиеге жауапты басшылар да хабарсыз болған. Олар оқиға ауылға тарағаннан кейін де қарасын көрсетпеген. 8-сыныпта оқып жүргенде үреймен қорлық көрген қыздың қалай сабақ оқығаны да, мұғалімдерің онымен қалай сөйлескені де жұмбақ. Жағдайы орташа, әупірімдеп күн көріп жатқан отбасындағы оқушы қыз мұғалімдеріне де, құрбыларына да тіс жармаған. Оның өмірінде болып жатқан қиын жағдай мектеп басшылары үшін де жұмбақ болып келген. Облыстық білім басқармасындағылар мектеп оқушысының басындағы ауыр жағдайға қатысты кейінірек пікір беретінін мәлімдеді.
«Ағымдағы жылдың 26 шілде күні Райымбек аудандық ПБ-на Сарыжаз ауылының тұрғыны 2007 жылы туылған кәмелеттік жасқа толмаған қыздың жүкті болғаны туралы хабарлап, арызбен шағымданған. Аталған факт сол күні сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс бойынша жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыс жасады деген күдікпен 37 жастағы Б. есімді ер адам ұсталды. Тергеу барысында анық болғандай, күдікті әпкесінің үйіне қонаққа келіп, оның 14 жастағы кәмелет жасқа толмаған қызымен жыныстық қатынасқа түскен, қазір жасөспірім қыздың жүктілігі 24 апта екені анықталды. Күдікті Б. әрекеті ҚР ҚК 120-бап 3-1 бөлігінің 1-тармағымен дәрежеленді. 2021 жылдың 27 шілдеде күдікті Б. ұсталып, оған қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Еңбекшіқазақ аудандық сотының шешімімен күдікті үй қамағына алынды. Қазір қажетті сараптамалардың тағайындалуымен барлық тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.