ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны азайып келеді

«Биыл 17 бас жылқымнан айрылдым». Жанбай ауылында жағдай күрделі

Нарын каналын жөндеу республикалық деңгейде шешілетін мәселе екен

фото: azh.kz

Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылында жергілікті малшылардың жанайқайын билікке жеткізу үшін ауданның 40-тан астам тұрғыны жиналды. Мәселе – су тапшылығы, салдарынан малдың өлімі көбейді, деп хабарлайды azh.kz

Бұл жердегі негізгі су көзі - 60 жылдан (!) бері күрделі жөндеу көрмеген Нарын каналы. Салдарынан қамыс басып, топырақпен бітелген арналардағы шалшық су балшыққа айналып, жануарлар батпаққа батып кетіп жатыр.

«Биыл 17 бас жылқымнан айрылдым. Бұл мен үшін күлдей шығын!», - дейді Құрманғали Мұхтаров есімді тұрғын.

Тығырықтан шыға алмаған кейбір тұрғындар адал еңбекпен жиған малынан айрыла бастаған соң амалсыз сатып жіберген.

«Нарын каналын күрделі жөндеуден өткізбесе, Аққыстау, Жанбай, Зинеден ауылдарындағы мал шаруашылығы күйрейді», - дейді Аухат Абуов есімді тұрғын.  

Исатай ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілхасимов Нарын каналын жөндеу республикалық деңгейде шешілетін мәселе екенін айтады.

«Төңіректегі елді мекендердегі төрт түлік мал Каспий теңізі жағалауынан және Жайықтан бастау алатын Нарын, Боқсақ каналдарынан су ішеді. Нарын каналы 61 жылдан жөндеу көрмеген, ол «КазСушар» РМК-ның Атырау филиалы теңгерімінде. Сондықтан сол мекеме жөндеуден өткізуге тиіс. Негізі жоба бойынша және қаражат жағынан бұл республикалық деңгейде шешілетін мәселе», - дейді ол.

«Манаш» котлованындағы онсыз да аз судың көп мөлшерін «Атырау-Астрахан» тас жолын күрделі жөндеуден өткізіп жүрген жолшылар пайдаланып, малға су жеткіліксіз болып қалады екен. Бұл да жағдайды ушықтырып отыр.