ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Коронадағдарыстан туған жұмыссыздық мәселесі алдағы жылдары шешіле ме?

Былтыр жұмыс уақыты әлемдік ауқымда 8,8%-ға қысқарған

көрнекі фото

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары коронавирус пандемиясының салдарынан туындаған әлемдік еңбек нарығындағы үрдістерді талдай келе, 2020 жылғы әлемдегі жұмыссыздық деңгейі биыл немесе келесі жылы қалпына келеді деп күтуге болмайды деген қорытындыға келді.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, әлемдік ЖІӨ 2020 жылы 3,6%-ға төмендеген және бұл 1961 жылдан бергі байқалған ең нашар нәтиже. Тіпті 2009 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан дүниежүзі ЖІӨ-нің 1,7%-ын жоғалтқан болатын. Жалпы әлемдік жұмыссыздық деңгейі дағдарыс жағдайында 2018-2019 жылдардағы 5,4%-бен салыстырғанда 2020 жылы 6,5%-ға дейін өсті. 2021 жылы ол 6,3% деңгейіне дейін төмендейді деп күтілуде.

«Қазір пандемия кезінде ушығып кеткен жұмыссыздық деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Мәселен, егер 2019 жылғы желтоқсанда бұл мән ЭЫДҰ елдері бойынша тұтастай алғанда 5,3%-ды құраса, 2020 жылғы сәуірдің өзінде 8,8%-ды құрады және бұл ушығу қарқыны ұйымның жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған еді. Небәрі 4 айдың ішінде жұмыссыздар қатарын 20,4 млн адам толықтырды, ал олардың жиынтық саны 1,6 есеге, 35,5-тен 55,9 млн адамға дейін өсті. Дегенмен, 2021 жылдың мамырына қарай, жұмыссыздар саны өткен жылғы сәуірдің ең жоғары көрсеткіштерімен салыстырғанда 43,5 млн адамға немесе 12,4 млн адамға азайды», - делінген хабарламада.

ЕРДО Болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумековтың айтуынша, ЭЫДҰ елдеріндегі жұмыссыздықтың жиынтық деңгейі 2021 жылы өткен жылғы 7,1%-бен салыстырғанда 6,6%-ға дейін төмендейді деп күтілуде, бірақ 2019 жылғы дағдарысқа дейінгі мәнге қарағанда жоғары -5,4% болып қала береді. Тіпті 2022 жылы бұл көрсеткіш тек 6%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

ХЕҰ мәліметі бойынша, өткен жылы жұмыс уақыты әлемдік ауқымда 8,8%-ға қысқарды, бұл толық жұмыспен қамтылған 303 млн жұмыс орнын жоғалтуды білдіреді.

G20-ға кіретін елдер 2020 жылы 195 млн ТЖҚЖО немесе жұмыс істеген жұмыс уақытының 8,5%-ын жоғалтты, ал 2021 жылы олардың шығындары үш есе азайып, 68,2 млн ТЖҚЖО құрайды, бұл жұмыс істеген уақыттың 3%-ға қысқаруына сәйкес келеді.

Жұмыс уақытының қысқаруы бойынша ең көп зардап шеккен елдер қатарында - Перу (27,5%), Гондурас (24,3%), Панама (23,5%), Аргентина (21%) бар. АҚШ-та шығын 9,2%, ЕО аумағындағы 27 елде - 8,3%, Ұлыбритания - 12,8%. Еуроодақтың ірі экономикаларының (Германия, Франция және Италия) шығыны тиісінше 6,3%, 8,4% және 13,5% құрады. Азияның ірі экономикаларында жұмыс істеген уақыт мөлшері келесідей қысқарды: Қытайда 4,1%, Жапонияда 5,4% және Үндістанда 13,7% .

ХЕҰ бағалауы бойынша, былтыр Қазақстанда коронадағдарыс салдарынан қызметкерлердің экономика бойынша жұмыс істеген уақыты өткен жылмен салыстырғанда (2019 жыл - ред.) 11,5%-ға қысқарды, ал толық жұмыспен қамтылған жұмыс орындарының санында (аптасына 40 сағат) көрсетілген жұмыс уақытының жоғалуы 939,2 мың бірлікті құрады. Көршілес елдерде жұмыс уақытының азаюы Ресей мен Өзбекстандағы 8,5%-дан Қырғызстандағы 11,7%-ға дейін өзгерді.