$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.07.2021, 18:52
Қоғам

Маңғыстау облысында мектеп-лицей ұжымы толық вакцина қабылдады

Мектепте 1700 бала білім алады

Маңғыстау облысында мектеп-лицей ұжымы толық вакцина қабылдады

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы Ақшұқыр кентіндегі мектеп-лицейдің ұжымы толықтай вакцинациядан өтті.

Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры Қаламқас Тілеубаева коронавирусты тоқтатудың жалғыз жолы – вакцина алу екендігіне сенімді. Мектептегі ұстаздар вакцина алуды сәуір айында бастап кеткен. Соңғы педагог бір апта бұрын вакцинаның бірінші компенентін қабылдаған. Қазір ұжымда 158 мұғалім және 42 кіші қызметкер бар.

«Ұжымының 98 пайызы, яғни түгелге жуығы деуге болады вакцина алды. Оған 2020-2021 жылғы оқу жылында короанвирус індетіне байланысты оқушыларымыздың дәстүрлі оқу форматына көше алмауы себепші болды. Онлайн режімде оқыған оқушылардың білім сапасының төмендеп кетуі ата-аналардың, мұғалімдерді, оқушыларды ойлантты. Оқу жылының екінші жартыжылдығында онлайн режімге қосымша аралас форматта тәжірибе жасап көрдік. Сонда оқушылардың білім сапасының өте әлсіреп кетуі бізді қынжылтты. Биылғы жаңа 2021-2022 жылғы оқу жылын дәстүрлі оқу форматына көшуге ұжымның белсенділігінің арқасында толықтай вакцина салдырттық», - дейді ол.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Қаламқас Тілеубердиева жаңа оқу жылында дәстүрлі форматқа көшуге ұжымдық иммунитетті қалыптастырып дайын отырмыз.

«Ұжым арасында тек қана вакцинация туралы жалпы түсіндіру ғана жүргізілді, бірақ соған қарамаста мұғалімдер саналы түрде өз еркімен екпе салдырды. Екпе алуға жатпайтын 3 мұғалім денсаулығына байланысты комиссия анықтамасын ұсынды. Қалған 12 мұғалім алдағы уақытта декреттік демалысқа шығуды жоспарлап отыр», - дейді ол.

Ақшұқыр кентінде 10 мыңнан астам тұрғын тұрады, ауылда үш мектеп орналасқан. Мектеп-лицейде биылғы оқу жылында 1700-ге жуық оқушы білім алған.

Қаламқас Тілеубердиева әріптестерін өздері секілді жаппай вакцина алуға шақырды.

«Мектеп ұжымдарының басшыларына, әріптестеріме қазіргі эпидемиологиялық жағдайды түсіне отырып, саналы түрде вакцина алуға шақырамын! Біздің мектептің ұжымының тәжірибесіне қарай отырып, басқа ұжымдарда да осындай жағдай қалыптастыра аламыз дей ойлаймын», деді ол.

Оның айтуынша, бұл қызметіне деген жауапкершілік.

«Бізге ата-аналар сенім артып, балаларын сеніп тапсырып отыр. Сондықтан оқу саласында олқылықтарға жол бермеуге тиіспіз. Әр педагог бірінші өз денсаулығын ойлауы тиіс. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі басты орында. Әрбір ұжым мүшесі саналы түрде түсінуі керек. «Кемедегінің жаны бір» дейді халқымыз. Педагогтің басты міндеті білім беру, оқушыға тәлім-тәрбие беру. Бұл ұстаз бен оқушының арасында бетпе-бет жүргізілетін үрдіс. Соған тезірек оралайық», - дейді Қаламқас Тілеубердиева.

Аталмыш мектептің тарих және құқық пәндерінің ұстазы Әлия Кабирова HayatVac вакцинасын салдырған.

«Дәрігерлердің айтуынша COVID-19-бен күрестің басты жолы – вакцина алу деп отыр. Мен соған сенемін. Өзім екпе алғанда жанама әсерлері болмады. Әлеуметтік желіде вакцинаға қатысты керағар пікірлер аз емес. Мен оны қате деп санаймын. Әрбір азамат екпе алудың дұрыс екенін саналы түрде ұғынуы тиіс», - дейді Әлия Кабирова.

Оның айтуынша ерте кездері шешек жайлаған жылдары көптеген адам індеттен көз жұмған. Сол кездері қазіргі медицина және технология болмаған.

«Қазір вакцина жедел әзірленіп, мемлекет тарапынан пандемиядан қорғануға жағдай жасалынып отыр. Тегін екпе алуға мүмкіндік туды. Неге соны пайцдаланбасқа?!», - дейді ол.

Осы мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ беретін Марат Қани ауылда вакцина пункті ашылса салысымен алғашқылардың бірі болып барып екпе егілген.

«Оның алдында вакцина туралы мәліметтерді оқып, зерттедім. Сәуір айында қазіргідей таңдай болмады, тек ресейлік «Спутник V» вакцинасы ұсынылды, соны салдырдым. Ескертудегі жанама әселердің біразы болды. Бастапқы бір аптада әлсіздік сезіндім. Екінші компенентті салдырғанда ештеңе сезілмеді», - дейді ол.

Оның пікірінше қоғамда қайшылықтың, қарсы пікірдің болуы заңдылық.

«Біреулер вакцинаны қолдайды, біреулер сенімсіздік танытады. Біз білім ошағында жүргендіктен міндетті түрде вакцинаны алуымыз керек. Өйткені 1,5 жыл бұрын оқушыларға қашықтан білім бердік. Алдағы жылдары да онлайн сабақ жалғасатын болса, білім сапасы төмендеп кете ме деген қаупім бар. Сондықтан педагогтер қауымы толықтай вакцина алып, дәстүрлі форматты білім беруге көшуіміз керек», - дейді Марат Қани.

Серіктес жаңалықтары