$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.07.2021, 18:08
Қоғам

«Бұл – жастарды қолдау емес, қорлау»: Алматы облысында жас кәсіпкер Тоқаевтан көмек сұрады

Небәрі 22 жасында бизнес бастаған қыз рейдерлік әрекеттің құрбаны болдым дейді

«Бұл – жастарды қолдау емес, қорлау»: Алматы облысында жас кәсіпкер Тоқаевтан көмек сұрады
Фотоколлаж

Алматы облысының 24 жастағы тұрғыны Ақтоты Тұрсынәлі осыған дейін өзін «жолы болған кәсіпкер» деп санап келген. Өйткені ол соңғы 3 жылдан бері асыл тұқымды мал өсіріп, оның санын көбейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтыды. Оның іскерлігіне мемлекет те шүбә келтірмеген, Ақтотының шаруашылықты дамытуы үшін үкімет 80 млн теңге несиені төмен пайызбен беріпті. Енді осы несие оның кәсібінің түбіне жетіп отыр...

Кәсіпкер қыз қомақты қарызды 14 пайыздық үстемемен «Талғар» несие серіктестігі арқылы алған. Оның 10 пайызын мемлекет берсе, 4 пайызын бизнесменнің өзі өтеуі тиіс.

80 миллион теңге қолға тиісімен Ақтоты Ресейдің Волгоград облысына барып, асыл тұқымды ақбас сиырларды сатып әкеледі. 50 миллион теңге ірі қараның өзіне жұмсалса, тағы 10 миллион теңгедей қаражат жол шығынына кеткен.

Осылайша, Ақтоты 2 жыл бойы несиесін уақытылы төлеп, кәсібін де қатар алып жүріпті. Табысты бизнесмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көзіне түсіп, президенттік сайлаудан кейін инаугурацияға құрметті қонақ ретінде шақырылған. Тіпті, Тоқаевтың қолынан «Алғыс хат» та алыпты.

Бірақ, Ақтотының қазір түгі жоқ: қора толы сиыры мен қойларын да, шұрайлы жерде орналасқан шаруа қожалығын да, тіпті техникаларын әлгі несие берген компания тартып алған. Себеп біреу – қарызды қайтару уақытын кешіктіргені үшін. Бірақ...

Бірақ, Ақтотының бұған айтар өз уәжі бар. Ол жеңілдетілген несиені 10 жылға алғанын айтады. Соның екі жылын төлеген. Кейін бүкіл әлемде пандемия басталған сәтте кәсібі тұралап, несиені төлеу мерзімін кешіктіріп алыпты. Алайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі кәсіпкерлерге несиені кешіктіріп төлеуге рұқсат берген болатын. Соған қарамастан, кредиттік ұйым Ақтотының қарызын бірнеше есеге өсіріп, ақыры оның кәсібін тәркілеп алды. Кәсіпкер қыздың өзі болса мұны рейдерлік басып алу деп есептейді.

«Барлық малды, қожалығымды кепілге қойдым. 70 млн теңге тұратын қожалығымды несие берген компания 29 млн теңгеге бағаласа да көндім. Малды да нарықтан әлдеқайда арзанға бағалап кепілге алды. Сондай тәуекелдерге бара отырып кәсіппен айналыстым. Пандемия басталғанда менде де қаржылық қиындық басталды. Ақбас сиырлардға арналған арнайы жем-шөпті, жұмысшылардың айлығын төлеп тұру оңай болған жоқ. Сол кезде несиелік қарызым – 2,8 млн теңге, оған пайыздық үстемақы дегенді қосып, несие серіктестігі қарыз сомасын 12 млн теңгеге жеткізді. Мен несиенің 3 млн теңгесін төлеп, біртіндеп құтылайын дедім. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласындағы экономикалық арбитраж соты арқылы олар менің он жылға алған несиемді екі жылдан соң толық кері қайтарсын деген шешім шығартып алды. Олардың пайдасына шешім шығарған әйелдің де пайдакерлік мүддесі бар екенін кейін білдік. Ол арбитраж әйел бұндай істерден ашық түрде белгілі бір пайыздық мөлшерде пайда табатын келісімшарты бар екен. Он жылға алған несиені екі жылдан соң қайтар деу таза заңсыздық», - деді қожалықтың иесі.

Ақтотының айтуынша, сот орындаушы Айдын Ертаев құнды сиырларды ешбір акті толтырмастан-ақ бірнеше рет алып кетпек болған. Хабарлама таратудан артық құзіреті жоқ сот орындаушының көмекшісі де, несие компаниясының заңгері де қожалықтың малын санап, құнын шығарып, малшыларды қорқытумен айналысып келген көрінеді. Ал заң жүзінде олардың өзгенің жеке мүлкін бағаламақ түгілі, жекенің дүниесіне жолауға қақысы жоқ.

«Менің жүздеген миллион теңге тұратын шаруа қожалығымды «Талғар» несие серіктестігінің төрағасы Урузгалиев Николай Алексеевич рейдерлік әдіспен тартып алмақ. Оның қасындағы сот орындаушылар да заңның талаптарын бұзып, менің қымбат ақбас сиырларымды, жүздеген бас қойым мен ондаған гектар жерде орналасқан қожалығымды тартып алуға әрекет жасап жатыр. Маған көпе-көрнеу қысым жасап, менің қожалығыма келіп, өз білген әрекетін жасап, шоу, спектакль қойып жатыр. Сырттан менің малымды сатып алатын адамдарды әкеліп, өз бетімен менің сиырларымды сатпақ. Олармен алысып жүргеніме 9 айдан асты», - дейді Ақтоты Тұрсынәлі.

Кәсіпкер қыз мұндай қысымға шыдамаса керек, денсаулығы сыр беріп ауруханадан бір-ақ шығыпты. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал, өздерін сот орындаушыларымыз деп таныстырған бірнеше ер адам қожалық иесінің жоқтығына қарамастан қорадағы малдың бәрін күні кеше алып кетіпті. Тіпті, хаттама да толтырмаған.

Ақтотының қорасындағы бір ақбас сиырдың нарықтағы бағасы шамамен 425 мың теңгеден басталады екен. 2 жасар танасының өзі 400 келі ет береді. Алайда, сиырдың бәрін Николай Алексеевич небәрі 31 млн теңгеге бағалады дейді кәсіпкер қыздың әкесі.

«Біздің отбасы Николаймен бұрыннан таныс, үйімізде талай рет қонақ болып, талай рет асымызды ішкен. Бірде фермаға жолдасымен келгенде Іле өзенінің бойына қонақ үй салып, демалыс орнын ашуға болатынын айтты. Артынша бізге қысым басталды. Несиенің қарызын бүкіл малымызды сатып құтыла аламыз, бірақ оған мүмкіндік бермей жатыр. Оларға керегі біздің шұрайлы жер. Соны тартып алу үшін мойынға қарызды іліп жатыр», - дейді Ақтотының әкесі Тұрсынәлі Құрымбаев.


Фотода Тұрсынәлі Құрымбаев

Ақтоты 2019 жылы президент сайлауында Тоқаевтың үгіт-насихатын жүргізіп, Алматы облысы бойынша оның сенімді өкілі болған. Жастар атынан талай мемлекеттік іске араласты. Алайда, 22 жасында ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн көріп, «Сыбаға» бағдарламасымен несие алды. Енді «үлкендер ойынының құрбаны болдым» деп, Президент Қасым Жомарт-Тоқаевтың өзінен көмек сұрап отыр.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз өзіңіздің алғашқы жолдуыңызда жастарға қолдау мемлекет тарапынан көрсетілетінін айттыңыз. Рейдерлік әрекетке барғандарға аяушылық болмайтынын, басқыншылық жасау мемлекетке қарсы шыққанмен бірдей екенін баса айттыңыз. Үкімет жас кәсіпкерлерді қолдау керек дейді. Мен қолдау емес, қорлауды көріп тұрмын, қорлық көріп келем. Үлкендер қолдау көрсеткеннің орнына мені, мен сияқты жастарды, қазақтың жас қызын қорлап жатыр. Бұл заңсыздық жоғары жаққа жету керек. Жұмысын енді бастаған, аяққа тұра алмай жатқан жастарды сот та, сот орындаушылары да құйтырқы әрекетімен өз жеке басының мүддесіне пайдаланып жатыр. Менің басымдағы жағдайды Елбасы, Президент білсе, бұл бассыздықты тоқтатса екен деймін. Қатты шаршадым, амалым таусылды, бұдан соң жастар әрине шет мемлекеттерге кетуге мәжбүр болады», - «Ақтоты» ШҚ төрайымы А.Тұрсынәлі.

Жас кәсіпкердің құнды сиырдан бөлек 750-ден астам қойы бар. Несие серіктестігінің қожайыны сиырмен қоса қойларды да аукцион арқылы сататынын ашық айтқан. 16 млн теңгеге бағаланған екі отар қойды Ақтотының малшылары сай-салаға тығып әлек.

Жүзден астам ойсылқараны алты көлікке күштеп тиеп тайып тұрған сот орындаушымен де, Николай Алексеевичпен де байланысу мүмкін болмады. Ал, ауруханада жатқан Ақтоты болса барымталанып кеткен сиырларын қарт әкесімен бірге ертеңнен бастап іздеуге шықпақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары