«Балам терезеден құлап кетті»: Астанада декреттегі әйел әріптестерін алдап, жиналған ақшаға Түркияда демалған
Шындықты білген әріптестері полицияға арызданған

Астананың полиция департаменті 31 жастағы әйелге қатысты алаяқтық факт бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметіне сүйенсек, әйелдің үстінен әріптестері арыз жазған көрінеді. Өйткені, декреттегі әйел әріптестеріне өтірік айтып, ақша жинап алған.
«Әйел басшысына хабарласып, үйінде трагедия орын алғанын айтқан. Яғни, «кішкентай балам терезеден құлап кетті, қазір реанимацияда жатыр» деген. Әріптестені оны аяп, баласының ем-домы үшін ақша жинап берген. Әйел ол ақшаны алып, Түркияда демалып келіпті», - деп хабарлайды полиция департаменті.
Арада біраз уақыт өткенде әйелдің бір әріптесі оның күйеуіне телефон шалып, баласының қал-жағдайын сұраған. Бұл сұраққа таңырқаған ер адам баласы аман екенін, ондай жағдай болмағанын айтқан.
«Әйелдің әріптестері оңбай алданғанын түсініп, полицияға арыз жазған. Құқық қорғау органдары жедел әрекет етіп, әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғаған», - деп хабарлайды полиция.