«Тұрғындардың жағындамыз»: Nur Otan Оралдағы тұрғын үй дауына қатысты кездесу ұйымдастырды
Оралда Циолковский көшесіндегі №1 үйдің тұрғындары екі кәсіпкердің дауына байланысты пәтерінен айырылуы мүмкін

Бірнеше жыл бұрын Орал қаласының аудандарының бірінде үш тұрғын үй кешені салынған болатын, олардың бірінде тұрғындар келіп, қоныс тойын атап жатқан уақытта, «Кублей» ЖШС консерві зауыты мерекелік көңіл-күйді су сепкендей басты. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, үйлер заңсыз салынған, себебі бұл жерлер мекеменің санитарлық-қорғау аймағында орналасқан. Зауыт қала әкімдігінің жоғарыда көрсетілген аумақтың нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімдерін заңсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берді.
«Талапкер консерві зауытының санитарлық-қорғау аймағында тұрғын үйлер салу «Кублей» ЖШС-ның желдету және ауа баптау агрегаттарының физикалық әсеріне байланысты болашақ тұрғындардың шағымдарына әкелуі мүмкін деп санайды. Алайда, құрылыс жүріп жатқан уақытта серіктестік бұзылғанына байланысты «Кублей» ЖШС консерві зауыты құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінбеген. Сонымен қатар, сол кезде салынған үй екінші деңгейлі банктер арқылы қала тұрғындарына толықтай сатылған. Қазіргі таңда сот талқылаулары жүріп жатыр, іс Жоғарғы сотқа дейін жетті, егер сот «Кублей» ЖШС тарапын қабылдайтын болса, үй бұзылып, адамдар баспанасыз қалуы мүмкін. Ал тұрғындардың көбі осыған дейінгі тұрған үйлерін сатып жіберіп, несие алып, жаңа пәтер сатып алуға бар қаржысын салды», - деп хабарлады үй тұрғындарының мүддесін қорғаушы, заңгер Абзал Құспан.
Тұрғындар әділдік іздеп, Батыс Қазақстан облыстық «Nur Otan» партиясы филиалына келді. Партия мүшелері өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында құрылыс салушы мен консерві зауыты өкілдерінің кездесуін ұйымдастыруды ұсынды.
«Қазір тараптар Жоғарғы соттың шешімін күтуде, баршамызға белгілі, бірде-бір ұйымның сот процестеріне араласуға құқығы жоқ екендігі анық. Егер «Кублей» ЖШС өтінішін қайтарса, үйді бұзудың қажеті болмайды, тұрғындар баспаналарын сақтап қала алады. Біз тұрғындар жағындамыз, сондықтан бұл мәселені бақылауда ұстайтын боламыз», - деді Nur Otan партиясының облыстық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Оксана Дементиевская.