$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.06.2021, 17:20
Қоғам

Түркістан әкімдігі төтенше жағдай кезінде осал топтағы 88 адамның құқығын өрескел бұзған

Прокуратура қала әкімі Рашид Аюповқа жауапты қызметкерлерді жауапқа тартуды ұсынды

Түркістан әкімдігі төтенше жағдай кезінде осал топтағы 88 адамның құқығын өрескел бұзған
көрнекі фото: қала әкімі Рашид Аюповтың қаладағы пандустардың ыңғайлылығын тексеру сәті

Прокуратура Түркістан қаласы әкімдігінің қателігін тауып, қала әкімі Рашид Аюповқа қарамағындағы жауапты шенеуніктерге шара қолдану туралы ұсыным жолдады. Төтенше жағдай кезінде түркістандық 88 тұлғаның құқығы бұзылғаны анықталды. Қиын кезеңде министрліктен осал топтағы жанұяларға жәрдемдесетін арнайы қаржы бөлінгенмен, әкімдік әлгі мүгедек жандарға «ақшаның қарастырылмағанын» айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Әкімдіктің бұл әрекетін білген мүмкіндігі шектеулі жандар Президентке дейін шағымданған. Тексеру нәтижесінде Түркістан қаласы әкімдігінің бір ғана емес, ондаған отбасын алдағаны анықталған. Олардың арасында 1, 2 және 3 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және оларға теңестірілген адамдар, мүгедек балаларды бағып отырған  отбасылар, көпбалалы отбасылар болған.

2020 жылы енгізілген төтенше жағдай кезінде тұтынушыларға көрсетілген коммуналдық қызметтің көлемін өтеу үшін «Түркістан су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына бюджеттен 119 млн 217 мың теңге бөлінген. Әкімдік осы қаржыдан 4 529 абоненттің коммуналдық қызметі үшін 59 млн 346 мың теңгені есептеп, қалған 57 млн теңгені мемлекетке қайтарған. Осылайша мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды өтініш тапсырған тұтынушылардың барлығы пайдалана алмаған.

«Түркістан қаласының прокуратурасы төтенше жағдай режимінде коммуналдық қызметтерге халықтың төлемақысын өтеу заңдылығына талдау жүргізу нәтижесінде бірқатар заңдылықты бұзушылық анықталды. Жергілікті атқарушы орган тарапынан тұтынушылардың өтініштері толығымен өңделмеген. Осының салдарынан әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын 88 (1, 2 және 3 топтағы мүгедектер - 46, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар - 2, көпбалалы отбасылар - 40) тұтынушының коммуналдық қызметінің шығындары өтелмей қалған. Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі жеткізушіге («Түркістан су» МКК) аталған тұтынушылардың тізімін кеш жолдаған. Осыған байланысты жеткізуші 28.09.2020 ж. бөлімнен өңделмей қалған тұтынушылардың коммуналдық қызметіне есеп шотында тұрған қаржының (57 009 646 теңге) есебін жүргізуді сұраған. Алайда бөлім басшысы Нұрлан Бектұрсынов оны толығымен бюджетке қайтару қажеттігі туралы жауап жолдаған. Олай жасауға Бектұрсынов тексеруші органға қаржының үнемделгені туралы есеп беріп қойғаны негіз болған», - деді Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбек.

Төтенше жағдай туралы» заңның 18-бабының 1-тармағына сәйкес төтенше жағдайдың күшінде болу кезеңінде Үкiметтен белгiлеген тәртiппен қажеттi көмек берiледi. COVID-19 пандемиясына байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің №212 бұйрығымен коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша халықтың төлемақысын өтеу қағидалары бекітілген. Бұл ретте жергілікті атқарушы орган өтінішті қабылдау және өңдеу бойынша жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Алайда әкімдік 88 тұтынушының өтінішін қанағаттандырусыз қалдырған. Бөлінген ақшаның тұтынушыларға толық жетпегенін біліп қойған 2-топтағы мүгедек А.Ибрагимов ҚР Президентіне шағым жазған. Прокурордың айтуынша, бұл арызға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев коммуналдық қызметтерді өтеуге мемлекеттен қаражат қарастырылмағаны жөнінде жауап қайтарған. Бөлім басшысы Нұрлан Бектұрсынов болса қаржының бөлінгенін біле тұра, Т.Мұсаевтың жауабын орындап, ресми түрде тіркеткен.

«Осылайша Бөлім басшысы Нұрлан Бектұрсынов шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын 88 тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасау арқылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 50-бабының 1-тармағының 11-тармақшасында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасауға жол берді», - деді Түркістан қаласының прокуроры.

Прокурор «Прокуратура туралы» заңның 27-бабын басшылыққа ала отырып, «Түркістан су» МКК басшыларында жазалауды сұраған.  

«Заңдылықты бұзушылықтарды, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға шаралар қабылдауды, ол үшін өтініштері өңделмей қалған тұтынушылардың коммуналдық шығындарын шұғыл түрде өтеуді қамтамасыз етуді; бөлім басшысы Н.Бектұрсыновтты мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 50-бабы 1-тармағының 11-тармақшасына сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартуды; жеткізушінің басшыларын (директоры мен оның орынбасары А.А.Айменовты) тәртіптік жауаптылыққа тартуды, ұсынуды қарау орны мен уақыты туралы қаралатын күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей қала прокуратурасына хабарлауды; ұсынуды қарау нәтижелері мен қолданылған шаралар туралы қала прокуратурасына заңда көзделген мерзімде куәландыратын құжаттарды тіркей отырып хабарлауды ұсынамын», - деген Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбек.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қарашасында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен қала әкімі Рашид Аюпов мүгедектерге арналған арбаға отырып, қаладағы пандустардың ыңғайлылығын тексерді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары