$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.06.2021, 00:09
Қоғам

«Алдап кетті»: Шымкентте әкімдікке сеніп қалған көпбалалы отбасы контейнерде тұрып жатыр

Онысы қыста суық, жазда қапырық

«Алдап кетті»: Шымкентте әкімдікке сеніп қалған көпбалалы отбасы контейнерде тұрып жатыр

Шымкентте үйіндегі газ баллоны жарылып, баспанасы бұзылған көпбалалы отбасы темір контейнерде өмір сүріп жатыр. Үйде жалғыз өзі жұмыс істейтін отағасының жұмыссыз қалуы жығылғанға жұдырық болған деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қазір тауық асырап, бірнеше қойды сауып күнелтіп отыр. Ал, күйік шалған әйелі және алты қызымен бірге контейнерде тұруына әкімдікті кінәлайды. Себебі, үй жарылған кезде «тездетіп түгел бұз, барынша көмектесеміз» деген уәдесіне сеніп қалған. Қаңтарда газ баллоны жарылып баспанасы бүлінген отбасы содан бері сары контейнерде өмір сүріп жатыр. Аядай темір дүңгіршектің іші қыста суық, жазда қапырық. Бірақ 15 пен 4 жас аралығындағы алты қызын құшақтаған ерлі-зайыптының басқа амалы жоқ.

Үй жарылған кезде денесінің 30 пайызын күйік шалған әйелдің өзі үй шаруасына да қиналады екен. Ас пісіру мен кір жуу қыздардың мойнында. Ал, отағасы Қуаныш ауладағы үш қойды сауып, он шақты тауықтың жұмыртқасын сатады. Өйткені ол да жұмыссыз қалған. Газ жарылған кезде әкім-қаралардың сөзіне сеніп, үйді қиратып едім, енді өкінем дейді.

«Әкімдер кеп үш күнде бұзып таста деді, мына жерде бір затыңды алмайсың деді. Бәрін шығарып таста, бәріне көмектесіп, бәрін жаңадан, өзің жаңа там соғып аласың деді. Солардың сөзіне сеніп, мынаның бәрін бұзып, шығарып тастадым. Енді далада отырмыз, міне. Шынымды айтсам, қиналып кеттім. Жүрегің ауырады. Контейнерде, ыстық жерде жатыр, қыздарымның бәрі. Терлеп жатыр», - дейді әкімге сеніп үйсіз қалған Қуаныш Сұлтанов.

Көпбалалы отбасының шаңырағы қаңтардың жетісі түнгі сағат үште ортасына түскен. Жарылысқа газ баллонының жарылуы себеп болған. Ол кезде дереу жеткен шенеуніктер көпбалалы жанұяға барынша көмек көрсетеміз, күзге дейін үй де тұрғызып береміз деп сөз берген. Бірақ содан бері бар жасаған жақсылығы – ақпан айында 20 текше метр газоблок түсіріп беріпті. Бірақ онысы да үгітіліп жатыр.

Қиын жағдайда қалған отбасына көмектесу Шымкент қалалық құрылыс басқармасына жүктелген. Алты балалы отбасын уақытша баспанамен қамту керек болған екен. Бірақ, олар отағасы Қуаныштың телефонын көптен бері көтермейді. Сондықтан көпбалалы отбасына қайырымды жандар көмектеспесе, уәде берген шенеуніктерден қайран жоқ сияқты.

Серіктес жаңалықтары