$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.06.2021, 20:18
Қоғам

СҚО-да бір ауылдың халқы жаппай ауырып жатыр

Соңғы 4 күнде 114 адам дәрігер көмегіне жүгінген

СҚО-да бір ауылдың халқы жаппай ауырып жатыр
Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғындары жаппай ауырып жатыр. Халық жұқпаның ауыз су арқылы таралып жатқанына сенімді. Аталған фактіге қатысты облыстық прокуратура мамандары қылмыстық іс қозғады. Кешенді сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ХАЛЫҚ ЖҰҚПАНЫҢ СУДАН ТАРАП ЖАТҚАНЫНА СЕНІМДІ

Бескөл ауылында 15 мыңнан астам адам тұрады. 2004 жылдан бері елдімекенді «БАЗИС-ПРОМ» серіктестігі тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отыр. Мекеме басшылығы халық пікірімен келіспейді. Олардың айтуынша аурудың жаппай таралуына көпшіліктің жеке гигиеналық талаптарды сақтамауы себеп болып отыр.  

«Бескөлдің барлық халқына су бір жерден таратылады. Егер ауру су арқылы тарап жатса, халықтың барлығы ауыратын еді. Сол суды өзім де ішіп отырмын. Ештеңе болған жоқ. Өткен демалыс күндері күн ыстық болды. Жұрттың бәрі көлде шомылды. Вирус сол жақтан жұғуы мүмкін. Ыстық та өтуі мүмкін. Сараптама шықпай жатып, судан көруге болмайды», - дейді «БАЗИС-ПРОМ» ЖШС директоры Қайырбек Нұралин.

Күміс Меңбай – екі баланың анасы. Екеуі де ауырып, енді тәуір бола бастаған. Ол демалыс күндері краннан лай су аққанын айтады. Тіршілік көзі әлі күнгей дейін тазара қоймаған. Фильтр қолданғанның өзінде отбасы мүшелері аурудан сақтана алмапты.

«Балалар қатты ауырды. Үш күн дене қызуы көтеріліп жатты. Құсып, диярея болды. Үйдегі үлкендер, өзім де сырқаттандым. Ауруханаға барған жоқпыз. Өз білгенімізше емделдік. Құйып алған су – сап-сары. Анықтап қараса, ішіндегі қақты көресіз. Амал жоқ, соны ішіп отырмыз. Қазір қоғамдық көлікке мінсең де, дүкенге бара қалсаң да үрейленген халықтың әңгімесі осы ауру. Қашан аяқталатыны да белгісіз», - дейді ол.

«Ең алдымен қызым ауырды, онан кейін мен. Біз суды тек сүзгіден өткізіп барып ішеміз. Көлге барып шомылған жоқпыз. Түгел ауыл тұрғындары емес, Бескөлдің ескі аумағы ғана ауырып жатыр. Неден екені белгісіз. Дене қызуым 38,6 градусқа дейін көтерілді. Ішім қатты бүріп, қатты қиналдым. Белгілері коронавирусқа ұқсамайды. Дәрігерлер де осылай дейді. Жағдайым енді түзеле басады», - дейді Бексөл ауылының тұрғыны Наталья Светлецкая.

ЖҮЗДЕН АСТАМ АДАМ ДӘРІГЕР КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНДІ

Соңғы 4 күн ішінде 100-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген. Дәрілерердің айтуынша сырқаттанғандар саны одан да көп боулуы мүмкін. Себебі тұрғындардың арасында өздігінен ем қабылдайтындар жоқ емес.

«28 мамырдан бері құсу, диарея, дене қызуының көтерілуіне шағымданған адамдар көбейді. Дәрігерлер 78 бала мен 36 ересек адамды қабылдады. Оларға энтеревирустық жұқпа диагнозы қойылды. Ол ауа арқылы таралады. 10 науқас ауруханаға жатқызылды. Балаларды облыс орталығындағы стационарға жібердік. Ауданда шұғыл түрде провизорлық орындар ашылды. Науқастардан сараптама алынып, нақты диагноз қойылғанша сонда болады», - дейді Қызылжар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жанар Кәкімова.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары құдықтан алынатын су мен маңайдағы көлдерден сараптама алған. Нәтижесі әзірге дайын емес.

«Балалар немен ауырып жатқанын білмеймін, неден емдеу керек екенін білмеміз. Қазір үйде қызым екеуміз қалдық. Кішкентайым мен ұлым ауруханада жатыр. Ол әбден әлсіреді. Енді қызым да ауырып жатыр. Ол да ауруханаға жататын шығар. Өзіміз де науқастандық», - дейді Бескөл ауылының тұрғыны Нұрболат Әскендіров.

САРАПТАМА НӘТИЖЕСІН 10 КҮН КҮТУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ

Жергілікті билік жағдайдан хабардар. Олар да қандай да бір шара қолдану үшін сараптама нәтижесін күту қажет екендігін айтады.

«Дәрігерлердің көмегіне 100-ден астам адам жүгінді. Біз тек ауыз суды ғана күдікке алып отырған жоқпыз. Себебі, екі аптадай күн ыстық болды. Жұрттың бәрі өзен-көлге ағылды. Бәлкім вирус содан шыққан болар. Облыстық эпидемиологиялық орталық мамырдың 29 күні судың сараптамасын алды. Нәтижесін 10 күннің ішінде хабарлайды», - дейді Бескөл ауылдық округі әкімі міндетін атқарушы Мәулен Қасымғожин. 

Халықтың жаппай ауыру фактісіне қатысты облыстық прокуратура қылмыстық іс қозғады. Арнайы құрылған жұмыс тобы тергеу амалдарын жүргізуде.

«Санитарлық талаптарды және гигиеналық нормаларды бұзу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 304 бабы 1 бөлігінің қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күнде тиісті кешенді сараптамалар жүргізілуде. Бескөл кентінің тұрғындарына толықтай медициналық көмек көрсетілуде. Ауру таралуының нақты себебі сараптамадан кейін белгіл болады», -дейді СҚО прокурорының аға көмекшісі Жарқын Белгібеков.

Зертхана қорытындысы келер аптада жариялануы тиіс. Ал оған дейін сумен қамту кәсіпорны шұғыл түрде құбырларды хлормен тазарту жұмыстарын бастамақ.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары