ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Былтыр интернет порталдарда 73 мың деструктивті материал бұғатталды

БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы 80 мыңнан астам діни ағарту жұмысы жарияланды

Фото: ia-centr.ru

Ақпарат министрі Аида Балаеваның жуырда ғана халыққа есеп беру кездесуінде келтірген деректеріне сүйенсек, былтыр 73 000 деструктивті материал бұғатталып, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы 80 000-нан астам діни ағарту жұмыстары жарияланды. Халыққа сапалы діни ақпарат беру мақсатында бүгінде 229 түсіндіру-насихат тобы жұмыс істейді.

Биліктегілер де, қоғам белсенділері де, тіпті мешіттердегі имамдар да азаматтардың жат діни ағымның  жетегіне еруін ең алдымен білімсіздікпен байланыстырады.

«Кей қазақстандықтардың дәстүрлі дінімізге қарама-қайшы ұйымдарға кіріп кетуіне білімсіздік себеп болып отыр. Мұндай құбылыстың кең етек жаюына жүз пайыз билікті кінәлау дұрыс емес. Өйткені әр адамның өзінің ақыл-есі, санасы бар. Мәселен, мен дүкенге барып, ұрлық жасасам, оған Үкімет кінәлі болмайды ғой. Ол әрекетіме өзім жауаптымын. Бұл да сондай дүние. Дегенмен біздің елге діни сауаттылықты арттыратын білім ордалары жетіспейді. Менің ойымша, бізде сауатты мұғалімдер аз. Солардың санын арттыру керек. Егер де балаға мектепте ақ пен қараны ажырата алатындай дұрыс білім берілсе, мұндай жағдайлар азаяды. Бұл мәселе бізде әлі де толық шешімін таппай келеді. Міне, сол себептен де жоғары оқу орнына  жаңадан түскен суденттің діннен хабар аз болып жатады», - дейді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Діни сауаттылықты арттыруда ел билігі халықаралық университетттермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл ретте әсіресе радикалды діни ағымдағы азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізетін имамдарды оқыту курсына баса назар аударылған.

МЫСЫРДАҒЫ МҰСЫЛМАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИМАМДАР ҮШІН 25 БІЛІМ ГРАНТЫ БӨЛІНБЕК

Жуырда ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыда тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің 20 жылдығы мерейтойына арналған «Ұлттық рухани тұтастықты дамытудағы діни білім берудің маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, баяндама жасады. Бұл туралы Қазақстан Дін істері басқарамасының ресми сайтында жарияланды.

«Аллаға шүкір, мемлекетіміздің қамқорлығымен Нұр-Мүбарак университетіне жыл сайын 200-ге жуық білім гранты бөлінеді. Бүгінгі күнге дейін іргелі діни оқу орнын 2059 шәкірт бітіріп, мешіттер мен медреселерде, жергілікті әкімдіктерде, елшіліктерде, ғылыми зерттеу орталықтарында, жоғары оқу орындарында еліміздің игілігі мен бірлігі жолында қызмет етуде. 2012 жылы университет жанынан докторантура бөлімі ашылды. Бүгінде докторларымыз ғылыми жобалармен айналысуда. Біз университет жанынан ғылыми зерттеу орталығын, радикалды діни ағымдағы азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізетін имамдарды оқыту курсын ашты», - деді өз баяндамасында Наурызбай қажы Тағанұлы.

Белгілі болғандай, ҚМДБ өкілдері жуырда Мысыр, Араб Республикасына жасаған сапарында  университет жұмысын жаңа деңгейге көтеру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Каирде өткен кездесуде әл-Азһар шейхына Қазақстанға бөлінетін білім гранты санын екі есе көбейту ұсынылып, елімізде салынатын Ислам академиясын, Ислам және теология кітапханасын классикалық діни кітаптармен қамтамасыз етудің маңыздылығы сөз етілді.

«Әл-Азһар университетінің шейхы бұл ұсынысты қолдайтынын, Қазақстан үшін бөлінетін білім гранты екі есе ұлғаятынын мәлімдеді. Сонымен қатар Ислам академиясы мен Ислам және теология кітапханасына қажетті классикалық бағыттағы кітаптарды жеткізіп беруге уәде етті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен әл-Азһар университеті арасында жасалған келісім бойынша жыл сайын қазақстандық имамдар үшін 25 білім гранты бөлінетін. Енді жыл сайын 50 имам әл-Азһар университетінде білімін жетілдіреді», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ АҚСАП ТҰР

Самат Нұртазаның айтуынша, діни экстремизммен күресте білімнен бөлек, ұлттық тәрбие құралдарын қайта жандандыру керек. Себебі дәл осы бағыттағы идеология бүгінде ақсап барады.

«Қазақы тәбие алған балалар көбіне жат ағымның жетегіне ере бермейді. Жусан операциясы арқылы Сириядан, Ирактан елге оралғандарға зер салып қарасаңыз, басым бөлігі орыс тілді азаматтар. Яғни олардың ішкі әлемінде қазақы тәрбие болмағандықтан, сол ваккумды деструктивті діни ағымдар алып алған деуге болады. Ата-әжесінің ертегісін тыңдап, атқа мініп, қымыз ішіп, ет жеп, батырлар жырын оқып өскен бала діни соғыстан, діни идеологиядан аулақ болады», - деді саясаттанушы.

Жат ағымның жетегіне еріп, ел асып, қанды майдан алаңына талай қазақ аттанды. Абырой болғанда, атажұртына аман-есен оралғандар да баршылық. Ел билігі дәстүрлі діннен безіп, қаруға қарай бет алғандардың санасын қайта қалпына келтіру мақсатында өңірлерде оңалту орталықтарын ашты. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы жанындағы Кеңес беру және оңалту орталығының директоры, исламтанушы Руслан Қайыргелдінің айтуынша, бүгінде мұндай орталықтардың атқарып жатқан жұмыстары жақсы нәтиже беруде.

«Орталықта Ерлер жамағатымен 2 теолог, әйелдер жамағатымен 2 теолог жұмыс жасайды. Жазасын өтеп жатқан азаматтармен жұмыс жасайды. Бүгінгі күнге дейін 1002 адаммен оңалту жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 678 ер 324 әйел адам», - деді орталық директоры.

Айта кетерлігі, орталықта үлкендермен ғана жұмыстар атқарылады, кәмелетке толмаған балаларды оңалту көзделмеген.

ӘЙЕЛГЕ ҚАРАҒАНДА, ЕР АДАМДЫ ОҢАЛТУ ЖҰМЫСЫ ЖЕҢІЛІРЕК

Уланған сананы тазарту тәсілдері барлығына бірдей жүргізілгенімен, ер мен әйелдің оңалуы екі түрлі екен.

«Жат ағым жетегінде жүрген әйел адамды оңалтуға қарағанда, ер адамды оңалту жұмысы жеңілірек жүреді. Оның бірінші себебі, әйел адам жолдасына бағынады, тыңдайды, екінші себебі, әйел адам табиғатынан эмоцияға берілгіш келеді. Сұхбат барысында қырсықтық, дөрекілік танытатын жағдайлар да кездеседі. Иман дәрежесіне қарай әр адамға әртүрлі әсер етеді. Бетін тұмшалаған әйелдер бетін тұмшаламайтын, ашық түсті хиджаб киюі мүмкін, немесе мүлдем хиджабты шешіп, зайырлы өмірге қайта келуі мүмкін. Адасқан тұлғаның дәстүрлі ислам діні мен қоғамдық құндылықтарға оң көзбен қарай бастағаны көбіне сұхбат барысында анықталады», - деді Руслан Қайыргелді.

Жат ағымның тағы бір кесірі ұлттық салт-дәстүрімізге де тиіп отыр.

«Жат ағым жетегінде жүрген біраз бауырларымыз бірқатар салт дәстүрлерімізді құп көрмейді. Олардың қатарында келіннің ата-енесіне сәлем салуы, жаңадан түскен келіннің отқа май құюы, беташар, келін шай, Наурыз мейрамы, өзге де мемлекеттік  және ұлттық мейрамдар бар», - деді Кеңес беру және оңалту орталығының директоры, исламтанушы Руслан Қайыргелді.

Бүгінде еліміздің имамдары деструктивті дін ағымдарының өкілдері қоғамда біршама азайғандығын айтады. Саясаттанушы Самат Нұртаза мұны бірінші кезекте ақпараттық технологияның дамуымен байланыстырып отыр.

«Менің ойымша бұл технологияның дамуы мен жаһанданудың арқасында болып жатыр. Қазір көп адамның көзі ашылған заман. Бұрындары адамдар қараңғылықта өмір сүріп, болмашы дүниелерге жиі сенетін. Бүгінде азаматтар кез келген уағызды, хадисті интернеттен оп-оңай тауып алуына мүмкіндігі бар. Яғни ақпаратты алу, іздеу мүмкіндігі артқандықтан, олар бір ғана молдамен шектелмкей, әлемнің кез келген жеріндегі имамдардың айтқандарын оқып біле алады», - деді Самат Нұртаза.