СҚО-да 18 елдімекен тұрғындары суды сырттан тасып ішіп отыр
Су тапшылығынан халық мал санын азайтып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында 18 елдімекеннің тұрғындары ауыз суды сырттан тасып ішіп отыр. Ал Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылында тіршілік көзі арнайы кесте бойынша беріледі. Оның өзі халыққа жете бермейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
АУЫЗ СУ ПРОБЛЕМАСЫ 4 ЖЫЛДАН БЕРІ ШЕШІЛМЕЙ КЕЛЕДІ
Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылы тұрғындарының ауыз су тапшылығының зардабын тартып отырғанына 4 жыл болған. Әсіресе жаз айларында тіршілік көзі қат. Бау-бақша егу маусымы басталғанда суға деген сұраныстың артуы заңды құбылыс. Тұрғындардың айтуынша, дәл осы кезде судың берілуі шектеледі. Ал биыл жағдай мүлде мүшкіл.
«Ауылдың кейбір аудандарында су мүлде жоқ. Құдықтар құрғап жатыр. Кесте деген аты ғана. Кешіктіріліп беріліп, ерте сөнеді. Кейде жұмыртқа пісірген суды ыдыс жууға пайдаланамыз. Көрші ауылдардан су әкеледі. Сап-сары. Сапасы ешқандай талапқа сай келмейді. Өзім медицина қызметкерімін. Қазір әлем вируспен күресіп жатыр. Су болмаса қандай тазалық туралы айтуға болады. Аудан орталығында бірнеше мектеп, балабақша мен аурухана бар. Олардың күйін елестету де қиын. Жауаптылар құрғақ уәдемен тойдырып келеді. Атқарылып жатқан іс шамалы», - дейді Пресновка ауылының тұрғыны Айгүл Гущева.
Жамбыл ауданын «Дания» серіктестігі ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр 1300 үйге орталықтандырылған су жүйесі тартылыпты. Тұрғындардың айтуынша, соның кесірінен қысым төмендеп қалған.
«Үйлеріне су тартқаны үшін кейбір тұтынушылар 1 млн теңгеге дейін ақы төледі. Су таратушы компания проблема барын біле тұра, ақша табу үшін осындай қадамға барды. Енді ешкімде су жоқ. Сырттан бірде әкелінсе, келесіде жоқ. «Дания» серіктестігі міндетін тиісінше орындай алмаса, басқа компанияға жол берсін. Әбден мезі болдық Не дұрыс жуына алмайсың, не жеміс екпейсің», - дейді ауыл тұрғыны.
Пресновкада 6 мың тұрғын бар. Кестеге сай су 3 мезгіл, екі сағаттан берілуі тиіс. Күнде құдық басына жиналған халық, ыдыстарын қаңғырлатып бос кетеді.
«Проблема бары рас. Бірақ ол жуық арада шешіле қоймайды. Пресновкадан 15 шақырым жерде скважина тұр. Су жол жерден резервуарға келіп, тазаланады. Сорғылардың қуаттылығы жетпейді. Жыл сайын осылай. 2000 жылы құбырлар жаңартылған. Сапасы төмен. Сондықтан жиі жарылып тұрады. Сондықтан су болмай қалады», - дейді «Дания» серіктестігінің директоры Бахытжан Кариев.
СУ ТАПШЫЛЫҒЫНАН ХАЛЫҚ МАЛ САНЫН АЗАЙТЫП ЖАТЫР
Петропавл қаласының іргесіндегі Якорь ауылында да жағдай осындай. Су сағаттап қана беріледі. Жаз айларында жағдайдың қайталанып келе жатқанына бірнеше жыл болған. Ауылда 2 мың адам тұрады.
«Біздің ауыл облыс орталығынан небәрі 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Бірақ жағдайымызға қарап, олай деуге ауыз бармайды. Апталап су болмайды. Келсе де, сыздақтап тұрады», - дейді ауыл тұрғыны Жанат Абаев.
Ауылдағы үйлердің барлығы орталықтандырылған жүйеге қосылған. Бірақ одан пайда шамалы. Тұрғындардың айтуынша су болған күннің өзінде сапасы нашар. Тіпті кейде жағымсыз иіс шығады.
Өткен жылы жаңадан су мұнарасы салынған. Алайда жерасты желісі жаңартылмапты. Сондықтан қысымды көбейтсе құбырлар жарылады. Судың кестемен берілуі, берілген күннің өзінде сыздақтап тұруының себебі осы.
Әсіресе, екі қабатты үйлердің тұрғындары зыр жүгіреді. Олар тамшылап аққан тіршілік нәрін шелектерге толтырып алады. Әйтпесе мүлде сусыз қалады. Су – айта-айта жауыр болған мәселе. Соңғы жылдары тұрғындар жеміс – жидек, көкеніс егуден қалған. Малдан да құтылып жатыр.
«Сауып отырған сиыр мен 30 қойды сатып жібердік. Амал жоқ. Сусыз олар тіршілік ете алмайды. Мен ғана емес, ауылдастардың барлығы бағасы келіссе, малды өткізіп жатыр», - дейді Якорь ауылының тұрғыны Наталья Божко.
Жергілікті әкім биыл құбырлар толық ауыстырылатынын айтты. Жоспар жүзеге асса 50 жыл бойы қызмет көрсеткен желі жаңаланбақ.
«Биыл жобалық – сметалық құжаттар дайындалды. Қазір ол сарапатамада жатыр. Жөндеу жұмыстарына 475 млн. теңге қарастырылған. Оның байқауы сараптамадан кейін жарияланады. Сондықтан, оның нақты қашан басталып, бітетінін ешкім де дөп басып айта алмайды», - дейді Якорь ауылдық округінің әкімі Валерий Тихий.
Облыстық энегетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, теріскейдегі ауылдардың 83,5 проценті жыл соңына дейін таза ауыз сумен қамтылады. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 11 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаражатқа Преснов- 1, Преснов-2 және Соколов топтық су құбырлары жаңартылады. Бұдан бөлек жеті ауданда 22 жоба жүзеге асырылмақ.
«Якорь ауылында таза ауыз су мәселесі өршіп тұрғаны рас. Құжаттар сараптамадан өткен соң, жұмыстарды бастаймыз. Ал Пресновка елді мекенінде осы жылдың екінші жартысында су торабы іске қосылады. Жалпы 2021-2025 жылдарға арналған облыстың кешенді дамыту бағдарламасы аясында барлық топтық су құбырларын жаңғыртуды жоспарлап отырмыз», - дейді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров.
Еліміздегі ең ұзын су магистралі Солтүстікте Қазақстанда орналасқан. Ал оның 70 пайызы тозған.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО