$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.05.2021, 10:18
Қоғам

Қонақ үй проблемасын шешпек болдық – Түркістан әкімдігі әкімдік ғимаратын не үшін сатқанын түсіндірді

Ғимарат 74 жастағы зейнеткерге 313,7 млн теңгеге сатылған

Қонақ үй проблемасын шешпек болдық – Түркістан әкімдігі әкімдік ғимаратын не үшін сатқанын түсіндірді

Түркістан қаласы әкімдігінің ғимараты нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға сатылып кеткені туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Жергілікті прокуратура бұл сатылымды заңсыз деп тапқан. Енді әкімдік апелляциялық шағым түсіріп, сауданың заң аясында өткенін дәлелдемек деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Қазір Түркістан қаласының әкімдігі өзіне бағынышты музейдің қызметкерлерін көшіріп жіберіп, сол ғимаратқа жайғасқан. Ал арнайы қаулы шығарған Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов, бұл қадамға қаладағы қонақ үй проблемасын шешу үшін барған көрінеді. Сәнді саябақтың жанында орналасқан 2550 шаршы метрден асатын нысанды жекешелендіруге қаланың ғана емес, Түркістан облысының әкімі де түрткі болған.

«Түркістан облысы әкімінің 2019 жылғы хаттамалық тапсырмасына сәйкес, ғимаратты заманауи қонақ үй ретінде пайдалану және Түркістан қаласына келетін туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қонақ үй жобасы ретінде жұмыс жүргізу тапсырылған болатын. Осы мақсатта, әкімдік ғимараты электрондық сауда саттыққа қойылды. Заң аясында, алдымен бағаны көтеру әдісі бойынша іске асты. Дегенмен, бұл әдіске өтінім ешкім білдірмеді. Сондықтан, бағаны түсіру әдісі бойынша аукцион өтті. Мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталында 2020 жылғы 7 қазандағы №163366 электрондық аукционның хаттамасына сәйкес, жеке тұлға 313 736 279 (үш жүз он үш миллион жеті жүз отыз алты мың екі жүз жетпіс тоғыз) теңге соммасын ұсынып, аукцион жеңімпазы болып танылды. Осыған байланысты, электрондық аукционның жеңімпазы 2020 жылғы 8 қазандағы №21408 сатып алу-сату келісімшарты жасалды», - деп түсіндірді Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Жанерке Жарылқасын.

313 миллион теңгеге бағаланған ғимаратты көкшетаулық 74 жастағы зейнеткер әйел сатып алады. Есім хан алаңының алдында орналасқан әкімдіктің аппарты 1970 жылы салынған. 2018 жылы қала билігі ғимаратқа 257 миллион теңгенің жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Тексеріс жүргізген прокуратура көптеген заңсыздықтарды анықтап, ғимараттың нарықтағы бағасы 438 миллион екенін анықтайды. Қазіргі таңда прокуратура мекемені мемлекет меншігіне қайта өткізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

«Басты себептің бірі – сатылым бағасының төмендігі. Дегенмен, бұл тұста әкімдіктің сатылу бағасы арнайы бағалаушы компаниямен іске асқандығын айта кеткен жөн. Алайда, прокуратураның екіжақты келісімді жарамсыз деп табу бойынша түсірген талап-арызы оң нәтиже берді. Осы мақсатта, «Түркістан қаласы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі және «Түркістан қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі талап қоюшы Түркістан қаласы прокуратурасының талап арызын толығымен қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдау туралы апелляциялық шағым түсіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімі аппараты бұрынғы музей ғимаратында. Әзірге ғимаратты ауыстыру немесе жаңасын салу жоспарланбаған», - деді Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары