Қашықтан жұмыс істейтін қазақстандықтардың дені – әйелдер
Қазақстанда басшылар мен кәсіби мамандар саны қысқарды
Пандемияға байланысты әлемдегі әрбір 5-ші адам қашықтан жұмыс істеуге көшті немесе үйінде жұмыс істей бастады. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшыларының деректеріне сәйкес, Қазақстанда биыл І тоқсан қорытындысы бойынша 73,7 мың адам қашықтан жұмыс істеді, олардың 70,2%-ы - негізінен қалада тұратын әйел адамдар.
«Мәселен, ел бойынша әрбір 3-ші ауыл тұрғыны қашықтықтан жұмыс істейді және жұмыс берушілер қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің тек 14%-ына ғана коммуникация құралдарын берген», – деді ЕРДО Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская.
Бұдан бөлек, пандемияның қазақстандық еңбек нарығына әсерінің тағы бір көрсеткіші - жұмыс берушінің бастамасы бойынша іс жүзінде жұмыс істемеуге мәжбүр болған уақытша жұмыспен қамтылмағандар санының өзгеруі. Олардың саны былтыр ІІ тоқсанда жоғарғы шегіне жетті және биыл І тоқсанда 74%-ға, 139,6 мың адамға дейін қысқарды. Ал өткен жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда 5% төмендеді немесе 7,1 мың адамды құрады.
Жұмыс күшінің саны өткен жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда 35 мың адамға (0,4%) артып, 9 млн 232 мың адамды құрады. Жалдамалы (+27,2 мың адам 6 млн 703 мың адамға дейін), сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында (+9,4 мың адам 2 млн 078 мың адамға дейін) өсім бар.
«Экономикалық қызмет түрлері бойынша қызмет көрсету секторларында қалпына келу қарқынының өсуі байқалады, бұл ретте ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнер және ойын-сауық, қаржы және сақтандыру қызметі салалары жұмыспен қамтудың жылыстауына ұшырайды. Біліктілік құрылымы орта білікті мамандардың көбеюіне және сәйкесінше жоғары білікті жұмысшылар үлесінің азаюына байланысты өзгеруде», – деді Александра Молчановская.
Осылайша, басшылар мен кәсіби мамандар саны тиісінше 16,2 мың және 13,5 мың адамға қысқарды. Сонымен қатар техник-мамандардың (+41,2 мың адам), өндірістік жабдық операторларының (+33,5 мың адам), қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлердің (+8,7 мың адам), сондай-ақ фермерлер мен ауыл шаруашылығы жұмысшыларының (+6,3 мың адам) саны өсті. Өз кезегінде біліктілігі жоқ қызметкерлер 6 мың адамға көбейді.
Өткен жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда жұмыссыздар саны 1,7 мың адамға қысқарып, 451,3 мың адамды құрады, бұл ретте жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталды.
Жұмыссыздық деңгейі елдің оңтүстігінде – Алматы қаласы мен Түркістан облысында (екі өңірде де 5,2%), сондай-ақ Шымкент қаласында (5,1%) жоғары. Бұл ретте жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі Қарағанды облысында (4,5%) және Нұр-Сұлтан қаласында (4,6%) байқалады.