«Өз аяғымен келсінші деп тіледім»: Әмина апа қызының зорлыққа қалай ұшырағанын айтты (ВИДЕО)
Ол күйеу баласының қызын ұрып-соққанын айтты
Талай жетімді бауырына басып, мәпелеп өсірген Әмина қажы Әжібаева туған қызының отбасылық қиындықтары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде күйеу баласының қызына қол көтеретіні жайлы естігенін айтып, жағдайдың қалай болғанын жеткізді.
«Шыдадым. Алла Тағала маған сондай шыдамдылық берген. Естідім, біліп отырдым. Барып быт-шытын шығаратындай жағдайым болды. Бір телефонмен бәрін реттеп қоюға болар еді. Сабырлы болдым. Ертең мені анам ажыратып алған деп айтпасын дедім. Жас қой олар. Тек Алла ғана адаспайды. Қалған бәріміз адасамыз. Өкініштісі, тағы бір бала жетім қалды. Өзім жетімдерді бағып отырмын. Түнде тұрып жылап аламын, қай жерден қате жібердім деп. Бірақ мен сабырлы болдым. Барып алып құдағилармен қырылысып, атысып-шабысқаным жоқ. Алладан өз аяғымен келсін, ауруханадан алып кетпейінші деп тіледім. Өз аяғымен келді. Мама, енді бармаймын деді. Сонымен бітті», – дейді Әмина апа.
Ол сөзін жалғай отырып, қол көтеретін ер адамдарға басынан қарсылық көрсету екенін ерекше атап өтті.
«Оған қарсы тұрмасаң, сонымен кете береді. Қол көтерген деген өте қате іс. Ер адам әйелді ұрса, әйелдің несі қалады? Ол – қорлық. Кейбірі соған шыдап жүре береді, енді бірі өзіне қол жұмсайды. Мәселен, мен қыздарымды біреуін 39 жасымда, екіншісін 41-де босандым. Сонда оларды күйеулері өлтірсін деп туыппын ба? Тұра алмайсың ба, кетіп қал. Біреудің баласын төмпештеп не істейсің. Оны үйде отырған ене айту керек. «Ол біреудің қызы, мәпелеп өсірген. Сен оны көшеден, қоқыстан тауып алған жоқсың. Оның сұрауы бар» деуі керек. Бұрынғы заман кетті. Қазір бәрі басқаша, ешкім шыдамайды. Содан барып жетімдер көп болады», – дейді Әмина қажы Әжібаева.