«Немереме келін іздеп жүрмін»: Тоқаевтың қолынан «Отан» орденін алған Алтынбек Қоразбаев журналист қызға «құда түсті» (ВИДЕО)
Алтынбек Қоразбаев алған марапат – Қазақстанның ең жоғары марапаты
Бүгін Ақордада Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Президент әр салаға еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік награда беріп, Республика күніне орай құттықтау сөзін айтты. Жоғары марапат алған адамдардың арасында халыққа кеңінен танымал композитор Алтынбек Қоразбаев та бар, деп жазады Azattyq Rýhy.
Салтанатты жиынның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін «Ақорда» бағдарламасының жүргізушісі Ақдариға Мұхаддас Алтынбек Қоразбаевтан сұхбат алған. Сұхбаттың шағын видеосы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының әлеуметтік желідегі парақшасында таралды. Алтынбек Қоразбаев сұхбатын бастамас бұрын, немересіне келін іздеп жүргенін айтып, қалжыңдаған.
«Немереме келін іздеп жүр едім», - дейді Қоразбаев әзілдей отырып.
Ал қалжың аяқталғаннан кейін Алтынбек Қоразбаев бұл марапатты тек өзінің ғана емес, өнердегі бүкіл композиторлардың марапаты деп атады. Соның ішінде ол Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев сынды алыптарды атады.
«Бүгін мен президенттің қолынан «Отан» орденін алдым. Бұл марапат менің ғана емес, бүкіл Қазақстандағы өнер азаматтарының марапаты деп сенемін. Ал артымнан ерген жастарға айтарым, елді сүйіңдер, халықты сүйіңдер. Қазақ елі туралы мәңгілік өлмейтін әндер жазыңдар», - деді Қоразбаев.
Айта кетейік, бүгін салтанатты жиын кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтынбек Қоразбаевтың атын ерекше атаған болатын.
«Осы мерекелік жиынға төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаев қатысып отыр. Оның әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылды. Мен бүгін Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – «Отан» орденін табыстаймын», - деген еді Тоқаев.