$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.12.2019, 13:27
Қоғам

Қазақстанда қандас мәртебесін алу шарттары өзгереді

Бұл туралы Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті

Қазақстанда қандас мәртебесін алу шарттары өзгереді
Фото: sputniknews.kz

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленген.

Министр бұл құжаттың міндеті көші-қон заңнамасын кейбір бағыттар бойынша жетілдіру, тіпті, кейбір тұстарын жеңілдету деп түсіндірді.

«Соның ішінде, Қазақстанға келген этникалық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау; ел экономикасының қажеттіліктерін қамтитын қолайлы инвестициялық климат құруға бағытталған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін жетілдіру; халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, көші-қон процестерін реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық базаны кеңейту және заңсыз көші-қонның алдын алу, жолын кесу», - дейді Біржан Нұрымбетов баяндамасында.

Ал, этникалық көші-қон саласына қатысты нақты қандай өзгеріс болатыны жайлы министр:

«Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растауы қажет. Бірақ оны қандастарымыздың көбі растай алмайды. Әсіресе, 1991 жылдан кейін туғандар. Сондықтан, осы оралман мәртебесін алу үшін негізгі критерий  - бұрын Қазақстан Республиасының азаматтығында болмау керек деп ұсынылып отыр», - дейді министр.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, қандас бауырларға қолайлы жағдай жасау үшін, оның үстіне, өтінішпен бірге тапсырылатын құжаттар тізбесі қайталана беретіндіктен, тұрақты тұруға рұқсат және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжатты бір мезгілде беру мүмкіндігі қарастырылады.

«Қандас бауырларымыз елге келіп, азаматтық алуына толығымен жеңілдіктер жасалған. Шекарадан өтуден бастап ықтияр хат, яғни тұрақты тұруға рұқсат алу, азаматтыққа құжаттар ұсынады. Ұсынылатын құжаттардың бәрі бірдей. Сондықтан қазіргі заң жобасы бойынша ықтиярхатын, яғни тұрақты тұруға рұқсатты алуға және азаматтықты алуға құжатты бірдей өткізсе деген ұсыныс айттық», - деген министр бірінші оқылымда айтылған ұсыныстарды ескеріп, құжатты келесі оқылымда толықтырып әкелетінін айтты.

Естеріңізде болса, 19 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев twitter-інде «тарихи отанына оралған қазақтарға қатысты Оралман терминінен бас тартып, Қандас терминін қолдану керек» деген жазба жариялаған еді.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары