Қазақстандағы ересектердің сауаттылығы ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен айтарлықтай төмен – Білім министрі
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 16-65 жас аралығындағы қазақстандықтардың дағдылары мен сауаттылық деңгейі туралы facebook парақшасында жазды
«Жуырда экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) PISA нәтижелерін жариялаған болатын, алайда, сарапшылар «ересектерге арналған PISA» деп атайтын PIAAC халықаралық зерттеуінің нәтижелері қоғам назарынан тыс қалып қойды», - дейді министр.
Министрдің айтуынша, бұл зерттеу 16-65 жас аралығындағы адамдардың оқу, математикалық сауаттылығы мен есептерді сандық ортада шығара білу дағдыларын бағалайды.
Қазақстан бұл зерттеуге алғаш рет қатысқандығын ерекше атап өткен жөн.
Нәтижеге сәйкес, Қазақстандағы ересектердің дағдылары (математика – 247, оқу – 249 балл) орта есеппен Испания және Италия азаматтарының деңгейінде екенін, бірақ ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен (оқу сауаттылығы – 266, математикалық сауаттылық – 262) айтарлықтай төмен екенін көрсеткен.
Сонымен қатар, Қазақстанға ғана тән ерекше нәтижелер де анықталды.
«Мысалы, PIAAC адам дағдыларының даму шыңы 25-34 жасқа келетінін, ал одан әрі құлдырау басталатынын көрсетті. Жастардың дағдылары (25-34 жас) аға ұрпақ өкілдерінің (55-65 жас) дағдыларымен бірдей, ал кей жағдайларда олардан төмен болды. Егер шұғыл шаралар қабылдамасақ, 20-25 жылдан кейін халықтың дағдылары қазіргіден де төмендеп кетуі мүмкін. Жалпы 25-34 жастағы азаматтардың 50%-ның жоғары білімі бар, ал 55-65 жастағы адамдардың 27%-ы ғана жоғары білім алған», - деп жазды Білім министрі.
Министр мәлім еткендей, Қазақстан халқының жартысы оқу сауаттылығы (49%) мен математикалық сауаттылығы (52%) бойынша тек екінші деңгейге қол жеткізген, ал халықтың төрттен бір бөлігі ғана (25%) жоғары деңгейде.
«Бұл ел тұрғындары жеңіл мәтіндермен, сондай-ақ талдауды, сараптауды және түсіндіруді талап етпейтін ақпаратпен ғана жұмыс істей алады дегенді білдіреді», - дейді Асхат Аймағамбетов.
Дағдыларды меңгеру деңгейлері мен оларды пайдалану жиілігі де маңызды тренд болып отыр: дағдылар күнделікті өмірде де, жұмыста да неғұрлым көбірек қолданылса, соғұрлым деңгейлері де жоғары болмақ. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері бойынша қазақстандықтардың тек 17%-ы ғана әртүрлі білім беру іс-шараларына қатысатыны анықталды. Бұл - ең төмен көрсеткіштердің бірі екен.
«Білім мен дағды еңбек нарығында жалақыны өсіру есебінен өтелетіні көпшілікке мәлім. Қазақстанда да солай. Мысалы, математикалық сауаттылықтың өсуі сағатпен төленетін жалақыны 5,9%-ға, ал ЭЫДҰ елдері бойынша, орташа алғанда 7,2%-ға арттырады. Бірақ Қазақстанда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне және қызметкерлердің жалақысына сауаттылықтан гөрі оқыған жылдарының саны әсер етеді, яғни, қазақстандық азамат неғұрлым көп оқыса, келешекте соғұрлым көп жалақы алады», - дейді министр.
Министр зерттеу нәтижелеріне жеңіл-желпі қарамай, білім жүйесінің жалпы көрінісін бақылау және жүйелі шараларды қабылдау маңызды екенін айтады. Сондай-ақ жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, министрлік алдына бірнеше міндет қойып отыр.
Біріншіден, кәсіптік және жоғары білім сапасын айтарлықтай жоғарылату қажет. Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары мен колледждері отандық кадрларды даярлаған кезінде PIAAC нәтижелерін басшылыққа алуы қажет. Олар еңбек нарығы үшін мамандарды жай дайындап қана қоймай, сондай-ақ қажетті дағдыларды үйретуге - оқуға үйретуге тиіс (learning how to learn). Ең дұрысы, кез-келген азамат өз дағдыларының кемшін тұстарын біліп, оны қалай жетілдіруге болатынын білуі тиіс. Бағдарламаларды кәсіби стандарттарға сай жаңарту, оқыту сапасына қойылатын талаптарды күшейту өмірлік маңызды шаралар болып табылады.
Министр ЖОО-лар мен колледждерге қойылатын талаптарды күшейту және оқу орындарын қысқарту жөніндегі саясат жалғасуы тиіс дейді.
Екіншіден, мемлекеттік гранттардың құнын арттыру арқылы жоғары білімді қаржыландыруды ұлғайту қажет.
Бұл материалдық-техникалық базаны нығайтуға және оқытушылардың жалақысын арттыруға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, зерттеу нәтижелері бізге әр азаматтың әл-ауқаты, оның білім алу уақытының ұзақтығы мен деңгейіне тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл заманауи жоғары технологиялық әлемде сапалы білім әлі де үлкен мәнге ие екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Сондықтан Қазақстан азаматтары оқу мен білім алуға аса мән беріп, уақытының көп бөлігін соған бөлуі тиіс, бұл болашақта сөзсіз оң нәтижесін береді.
Министр Қазақстанда бейресми білім беруді дамыту және қолдау қажет деп есептейді.