«Алпыс мың теңге үшін Атырауға ешкім бармайды»: сарапшылар балық шаруашылығы проблемаларын айтты
Саладағы ең басты проблема – кадр тапшылығы
Атырау облысы Бесікті ауылында балықтың қырылуына байланысты жағдай бақылауға алынды. Бұл туралы аймақтағы балық шаруашылығына жауапты мамандар мәлімдейді. Дегенмен, аймақта балықтың жаппай өлуі жиі қайталанады. Оған басты себеп – өндіріс орындарынан су қоймаларына құйылатын зиянды қалдықтар болса, екінші себебі – өзендердің тасуы.
Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Безымянное жайылмалы көлі жағалауынан асып, жақын маңайды шайып кеткенін айтады. Жергілікті атқарушы орган мамандары «Жайық-Каспий» аймақаралық бассейіні балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерімен бірге комиссия құрып, құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде 14 тонна балық құтқарылды. Ал, өлген 2 тонна 600 кг балық көму жолымен санитарлық талаптарды сақтай отырып жойылған. Жайықтан шығатын каналдың аузына құбыр салынып, жайылымға балықтың өтуі тоқтатылыпты. Ал, арнайы заңның аясында «Құрманғазы» және «Інжу-Маржан» өндірістік кооперативтері сол жерде сыртқа шығып кеткен балықтардың тірі қалғанын аулауға кіріседі және өндіріске жібереді.
«Балық өліміне неге жол берілді деп жатыр жұрт, ол – табиғи құбылыс. Өріс суы келіп жатыр, сол кезде балық та Жайықта уылдырық шашады. Жайылым жердегі су мөлшерінің аз болуы – балықтардың таяз жерге шығып қалуынан туындап отыр. Мұнда ихтиологиялық қадағалау жұмыстары жүргізіліп отырды. Біз бұл мәселені Жайық өзенінің су деңгейінің төмен болуынан көріп отырмыз. Қазіргі таңда облыс және аудан әкімдігіне, балық шаруашылығы инспекциясына өңір басшысы тиісті тапсырма берді. Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол берілмеу керегі ескертілді. Уәкілеті орган – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті кеткен шығынды санайды. Кінәлілерді тиісті жауапқа тарту туралы ұсыныс енгізуі керек», - дейді А.Сәдібекұлы.
AR тілшісі әсіресе еліміздің батыс аймағында жиі қайталанатын балық қырылу құбылыстарына қатысты сала мамандарын сөзге тартты. Балық шаруашылығының маманы, Қазақ ұлттық университеті балық шаруашылығы мамандығының PhD докторы Мәрлен Тұрсынәлі мәселенің екі қырына тоқталды. Оның бірі – су қоймаларына мұз қату процесі кезіндегі балықтарды өлуден сақтайтын шаралар болса, екіншісі саладағы білікті мамандар тапшылығы.
«Балық әдетте не үшін қырылады? Бірінішіден – су жетіспегеннен балықтың жайрап жатуы. Мұз қалың болып түскен жылы қыста оттегі жетпегендіктен қырылып қалатын жағдай көп. Ол көктемде мұз ерігенде бетіне шығып көрінеді. Кеңес үкіметі кезінде мұз қатпай тұрып қамыстан оттегі кіретіндей етіп балықтарға жағдай жасалатын.
Сосын қашпа сулар мәселесі болады. Тереңдігі бір метр немесе елу сантиметрден аспайтын көлшіктерді жауып тастайтын. Өйткені ол жерде қорек қоры мол болады да, балықтар сол жаққа өтіп кетеді. Оны негізі көктемде балық өтпес үшін ертерек жауып тастау керек. Осы шаруа атқарылмағандықтан, балық қырылуы болып тұрады. Соңғы жылдары судың азаюы байқалады, тиісінше ағыс баяу болғандықтан, өзендер де тез қатады», - дейді балық шаруашылығының маманы.
Бұл саланың үлкен проблемасы – маман тапшылығы. Ихтиолог мамандардың жетіспеуінен қолда бар табиғи байлықты сақтап қалу мүмкіндік болмай отыр. Кеңес үкіметі кезінде бұл сала реттелген, балық инспекциясында мамандар жеткілікті еді. Балықты құтқару, оның қырылуының алдын алудың арнайы бағдарламалары болатын. Соның аясында жұмыс жүргізілген.
«Қазір ихтиолог мамандығын оқып шығатын мамандар бар, бірақ оларды ынталандыру болмай жатыр. Оқытқаннан пайда жоқ, себебі оларға төленетін жалақы өте төмен. Кім 60, 70, 100 мың теңгеге Атырауға барып жұмыс істейді? Балық шаруашылығы бойынша жас мамандарды ешкім қолдамай отыр. Оларға мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана беру керек. Мысалы, мен балық шаруашылығының жетекшісі ретінде маманға үй салып берер едім, бірақ оның 50 пайызын үкімет субсидиямен жауып берсе деймін. Жас мамандар келеді, оларды ұстап қала алмай отырмыз. Мысалы дәрігелер мен мұғалімдер қолдау алады. Сол сияқты өзге салада жас мамандарды әлеуметтік қолдау болмаса, Балқашқа, Атырауға, Каспийге кім барады? Сондықтан салалық министрліктің құлағына алтын сырға», - дейді Мәрлен Тұрсынәлі.
Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Шоқан Әлпейісов балықтың жиі қырылуының әртүрлі себептері бар дейді. Ең бірінші, су бассейндеріне жақын орналасқан зауыттар балықтың жиі өлуіне себеп болады. Жайық өзенінде итбалықтар мекендейді, кейде жағаға шығып өліп жатады. Ғалымның айтуынша, ол суда мұнай болғандықтан, ластанудың жоғарылығынан өледі екен. Ал, оны экологияға жауаптылар және өзге де билік өкілдері жасыруға барынша тырысатын көрінеді. Мәселен, бірер жыл бұрын осы аймақта жүздеген тонна бекіре қырылыпты. Алайда, ол туралы еш жерде жарияланбаған.
«Елімізде балық шаруашылығы комитетін осымен үшінші рет жандандырып жатыр. Бірақ бәрібір жұмысы тиімсіз. Алғаш рет 2003 жылы мен салалық ғылыми зерттеу институтын басқарып жүргенде арнайы комитет құрылды. Одан кейін бұл ведмоствоны анда бір қосып, мында бір қосып, берекесін кетірді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарады, одан шығарды. Қайтадан жойды, сосын жаңадан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылғанда, соларға апарып қайтадан қосып, бөлек комитет жасады. Мұндай реформа кезінде кадрлардың да берекесі кетіп, ары-бері ауысады. Жұмыс жүйесіз болады», - дейді профессор.
Оның сөзінше, аталған комитеттің жұмыс істеп келе жатқанына екі жыл болса да, балықтарды қырылудан құтқаруға бағытталған жүйелі жұмысы жоқ. Мұның басты себебін ғалым мониторинг жүргізілмеуінен дейді. Бұрын ҒЗИ жанында жыл бойы экологиялық мониторинг жасалып, соның негізінде балық шаруашылығының бағыт-бағдары белгілі болып келген. Зерттеу жүргізілгенде судың сапасы, балықтың өсімі, болжамы жасалған екен. Балыққа бақылауды көктемде уылдырық шашу кезінен бастап, мұз қатқанға дейін жүргізу керек деп есептейді Шоқан Әлпейісов. Алайда, біздің елде күн суытқанда балықтарға бақылау тоқтап, олардың тағдырына ешкім алаңдамайды, деп қынжылды ол.
«Үлкен мәселе – мамандар жетіспеуі. Ол жерде ихтиолог мамандар ғана емес, лабораториялық зерттеулермен айналысатын мамандар жоқ. Түрлі мамандар болуы керек. Олар зерттеуші болуы тиіс. Экология, геология және минералдық ресурстар министрі кадр мәселесіне назар аударуы керек деп ойлаймын. Егер салада сауатты мамандар болса, кешегідей жағдайға, яғни балықтың қырылуына жеткізбейтін еді. Әйтпесе Жайықтағы судың тасуы немесе өріс суларына балықтың кетіп қалу қаупінің алдын алуға болар еді. Сол аймақтағы мамандар не қарап отыр? Олардың зауыттарға барып, ескерту жасап, санкция қолданып, жауып тастайтындай құзыры болуы керек. Өкінішке қарай, аймақтардағы мамандардың бұған білімі, тәжірибесі жетпей отыр», - дейді ғалым.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы
Фотолардың авторы: Тәуірбек Бозекенов