Тараздағы мектепте жоғары сынып оқушысы биіктен құлап кеткен

Қазіргі таңда оқушы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр

Тараздағы мектепте жоғары сынып оқушысы биіктен құлап кеткен
Фото: © istockphoto.com

Тараз қаласындағы №40 гимназия аумағында 10-сынып оқушысы биіктен құлап, зардап шекті. Төтенше оқиғадан соң жасөспірім ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқиғаның мән-жайы

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, оқиға таңертеңгі уақытта болған. Жасөспірім мектеп ғимаратының сыртындағы өрт сөндіру сатысына көтерілген. Бейнебақылау камералары оның саты қоршауында тұрғанын, кейіннен тепе-теңдікті жоғалтып, төмен құлап кеткенін тіркеген.

Сондай-ақ, оқиға алдында оқушының WhatsApp чаттарының біріне «қоштасу» мағынасындағы хабарламалар жібергені белгілі болды.

Қазіргі таңда оқушы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оған бірнеше диагноз қойды. Олар: мидың зақымдануы, сүйек сынықтары мен ішкі ағзалардың жыртылуы.

Мамандар жасөспірімнің жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Белгілі болғандай, оқушы сабағын жақсы оқыған және түрлі үйірмелерге қатысқан. Бұған дейін онымен профилактикалық жұмыстар жүргізілгенімен, анасы психологиялық-педагогикалық көмектен бас тартқан көрінеді.

«Полиция қызметкерлері оқиғаның 
 мән-жайын анықтап жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», — деп хабарлады мекеме өкілдері.

Полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғады.