Алматы тауларында үш жасөспірім адасып кетті
15 жастағы балалар көмек сұрап құтқару қызметіне хабарласқан
Алматының Медеу ауданында, халық арасында танымал «Денсаулық баспалдағы» маңында үш жасөспірім тауға шығып, өз бетінше төмен түсе алмай қалған. 15 жастағы балалар көмек сұрап құтқару қызметіне хабарласқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, дабыл сигналы түсісімен Алматы қалалық ТЖД құтқарушылары мен «Барыс» республикалық жедел құтқару жасағы дереу іздестіру жұмыстарына кіріскен.
«Құтқару жұмыстары 2 мамырға қараған түні жүргізілді. Мамандар таулы жерде, қараңғы уақытта қозғалуға мәжбүр болды»,— делінген ресми хабарламада.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар балаларды тексеріп, олардың медициналық көмекке мұқтаж емес екенін анықтады. Мамандар 15 жастағы жасөспірімдерді таудан қауіпсіз жерге түсіріп, ата-аналарына аман-есен табыстады.