Вакцинаның аутизмге қатысы бар ма? Министрлік жауап берді
Көптеген ата-ана аутизм белгілерінің екпеден кейін байқалуын вакцинамен байланыстырады
Денсаулық сақтау министрлігі вакцинацияға қатысты ең көп тараған жалған мәліметке нүкте қойды. Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева екпе мен аутизм арасындағы байланыс туралы түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметінше, көптеген ата-ана аутизм белгілерінің екпеден кейін байқалуын вакцинамен байланыстырады. Алайда ғылыми зерттеулер бұл мәселеге нақты жауап беріп отыр.
Миллиондаған баланың қатысуымен жүргізілген зерттеулер вакцинаның аутизм тудырмайтынын толық дәлелдеген. Аутизмнің алғашқы белгілері көбіне 1,5–2 жас аралығында байқалады. Дәл осы кезеңде балаларға ревакцинация жасалатындықтан, ата-аналарда бұл екі жағдайдың арасында байланыс бар деген қате түсінік қалыптасады.
Маманның айтуынша, аутизмнің қалыптасуы вакцинацияға мүлдем қатысы жоқ.
«Маңызды нәрсені түсіну керек: уақыт жағынан сәйкес келу — бұл себеп-салдарлық байланыс дегенді білдірмейді. Аутизм бала туылғанға дейін қалыптасады және мидың даму ерекшеліктерімен, генетикалық факторлармен байланысты. Вакциналар бұл процестерге әсер етпейді, олар тек баланы қауіпті инфекциялардан қорғайды», — деп түсіндірді Динагүл Баешева.
Дәрігерлер күн сайын қызылша, көкжөтел және басқа да алдын алуға болатын аурулардың ауыр зардаптарымен бетпе-бет келеді. Кейде медициналық көмек көрсетудің өзі тым кеш болуы мүмкін.
«Вакцинация — бұл қауіп емес, керісінше қорғаныс», — деп түйіндеді маман.