Қазақстанда ЖОО-да білім алу қымбаттады: оқу ақысы миллион теңгеге дейін жетті
Баға орта есеппен 11% өскен
Қазақстанда жоғары білім алу құны айтарлықтай қымбаттады. Соңғы бір жылда университеттердегі оқу бағасы орта есеппен 11% өскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы үш жылдағы (2024–2026 жж.) қымбатшылықтың басты себебі — инфляциялық процестер. Finprom.kz сараптамасына сүйенсек, білім беру қызметтерінің құны жалпы ақылы қызметтердің инфляция деңгейімен қатар немесе одан сәл төмен деңгейде қалып отыр.
Атырау облысында баға 36,3% өскен, ал Түркістанда 19,6% өсті. Маңғыстау облысы 15,4% өссе, Шымкент пен Астана қалаларында оқу құны 15% жуық өсті. Алматыда баға өсімі 9,4% құраса, Алматы облысында оқу ақысы өзгеріссіз қалған. Ең төменгі өсім Қостанай (1,8%) және Ақтөбе (5%) облыстарында тіркелді.
Университеттердің ресми мәліметтеріне жасалған талдау оқу ақысының мамандық пен ЖОО мәртебесіне тікелей байланысты екенін көрсетеді. 2025-2026 оқу жылының басындағы жағдай бойынша Алматы университеттерінде жылдық оқу ақысы 500 мыңнан 7,6 миллион теңгеге дейін жеткен. Ал өңірлік жоғары оқу орындарында оқу құны 450 мың теңгеден басталып, 2,4 миллион теңгеге дейін барады.
Бағаның мұндай өсімі университеттің беделіне, таңдалған мамандықтың сұранысына және оқу орнының материалдық базасына байланысты.
Білім алу құнының өсуіне қарамастан, ЖОО-ға түсушілердің саны азайған жоқ. Керісінше, 2025 жылдың күз айында ақылы бөлімге түскендер саны 131 мың студентті құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,6% жоғары.