Тоқаевтың бастамасымен Польшада ұсталған отандасымыз бостандыққа шықты
Ол 28 сәуірде бостандыққа шықты
Польша Республикасының аумағында бұған дейін тұтқындалған Қазақстан азаматы 28 сәуірде бостандыққа шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Айбек Смадиярдың Telegram арнасына сілтеме жасап.
Отандасымыздың елге оралуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей араласуы ықпал етті. Президент шетелдегі қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесін әрдайым басты назарда ұстайды. Осы күрделі жағдайда оңтайлы шешім қабылдау үшін бірқатар халықаралық келіссөз жүргізілген.
«Президент таяуда Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, екі елдің конструктивті әрекет еткені үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы бұл мәселенің оң шешілуіне үлес қосқан Владимир Путинге де алғыс айтуды орынды деп санады», – деп жазды Смадияров.
Қазақстан президенті Польша тарапының бұл іске қатысты ұстанған байыпты позициясын жоғары бағалады. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Польша президенті Кароль Навроцкий мен премьер-министр Дональд Тускке ризашылық хатын жолдауды жоспарлап отыр.