Ақтаудағы адам өлімі: марқұмның туыстары әділдік талап етіп отыр

Қылмыстық іс қосымша тергеуге қайтарылған

Ақтаудағы адам өлімі: марқұмның туыстары әділдік талап етіп отыр
Фото: © istockphoto.com

Ақтау қаласында 33 жастағы Александр Насибаридің өліміне қатысты қылмыстық іс қосымша тергеуге қайтарылды. Хабарсыз кеткен азаматтың денесі екі аптадан соң қала сыртынан табылған еді. Бүгінде марқұмның туыстары тергеу барысындағы бірқатар келеңсіздікті ашық айтып, әділдік талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Александр Насибари 2025 жылдың 24 қарашасында үйінен шығып, қайтып оралмаған. 8 желтоқсанда оның денесі бірнеше пышақ жарақатымен табылған. Полиция бұл қылмысқа қатысты ағайынды Эльдар және Әмір Аллахвердиевтерге іздеу жариялаған.

Алайда, туыстарының мәліметінше, негізгі екі күдікті елден шығып үлгерген. Қазіргі таңда оларға халықаралық іздеу жарияланып, олардың жүрген жері туралы ақпарат бергендерге сыйақы да тағайындалған екен.

Қазіргі уақытта тергеу назары үшінші күдіктіге ауған. Оған «қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша айып тағылып отыр. Бірақ марқұмның қарындасы Рената Насибари бұл шешіммен үзілді-кесілді келіспейді.

Жақындары бұл адам қайғылы жағдайдың алдын алар еді деп есептейді. Сондықтан оның әрекетін басқа бапқа ауыстыруды талап етуде.

Марқұмның әпкелері әлі күнге дейін толыққанды жәбірленуші тарап ретінде танылмағандарын айтып шағымдануда. Олардың айтуынша, алғашқы сот отырысын туыстарының қатысуынсыз өткізбек болған. Сонымен қатар, бұл істі қолға алатын қорғаушыны табу қиындық тудырған.

«Александрдың отбасы қазіргі таңда бұл іске қоғам назарын аударып, тергеудің объективті жүргізілуін және барлық қатысушының іс-әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуін сұрап отыр»,— делінген ресми хабарламада.