Еуропа жуырда туристерді қабылдауы мүмкін
Үндістанда вакцина тапшылығы маусым айына дейін жалғасады
Үндістандағы жағдай әлі де тұрақталар емес. Жергілікті билік халықты наурыз айына дейін вакцинациялау туралы ойламаған болып шықты. Еуропалық Одақ өзінің сыртқы шекараларын ашу шарттарын қарастыруда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі халықаралық ақпарат агенттіктеріне сілтеме жасап.
Джонс Хопкинс Университетінің мәліметінше, пандемия басталғалы бүкіл әлем бойынша КВИ жұқтырғандардың саны 153 миллион адамнан асса, қайтыс болғандар - 3,2 миллион адамды құрады. Соңғы аптада күніне орта есеппен 800 мыңнан астам жағдай тіркеліп, әлемде коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша тағы да рекорд орнады.
Бұл көрсеткіштің жартысына жуығы Үндістанға тиесілі, онда өткен сенбіде бір тәуліктің ішінде 402 мыңға жуық адам коранавирусқа шалдыққан. Осылайша елде ауырғандар саны 20 миллионға жуықтап, 219 мың адам қайтыс болған. Алайда сарапшылар бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынына сенімді, өйткені статистика дәрігерлердің қаралуында болған науқастар арасында ғана жүргізіліп отыр. Ал мыңдаған адам медициналық көмекке сол күйі жете алмай, өз үйінде көз жұмуда.
Бүгінде Үндістанда халықты жаппай вакцинациялау үшін дәрі-дәрмек жеткіліксіз. Әлемдегі ең ірі вакцина өндіруші үндістандық компанияның басшысы Адар Пунаваланың айтуынша, ел билігі вакцина дозасының үлкен партиясына наурыз айына дейін ешқандай тапсырыс бермеген.
Компания басшысы келтірген деректеріне сүйенсек, осы уақытқа дейін тек 21 миллион доза сатып алынған, бұл халық санына шаққанда өте аз. Сарапшының айтуынша, вакцинаның жетіспеушілігі әлі маусым айына дейін жалғасады.
Ал Еуропада керісінше жағдай тұрақталып, тұрғындар қалыпты өмірге орала бастады. Дүйсенбіде Еуропалық Комиссия ЕО-ның сыртқы шекараларын ашу туралы мәселені қарады. Блок аумағында мақұлданған препараттардың бірімен толық вакцинацияланған туристерге Еуропа аумағына кіруге рұқсат беру ұсынылды.
3 мамырдан бастап Францияда барлық жастағы мектеп оқушылары білім ордасына оралды. Билік үшінші жалпыұлттық локдауннан кезең-кезеңімен шығуға кірісті. Жақында үкімет коменданттық сағаттың ұзақтығын қысқартуды жоспарлап отыр. Осылайша, шектеу енді кешкі 7-де емес, 9-да басталады. Қазір Францияда КВИ жұқтыру көрсеткіші тәулігіне 25 мыңға жуық адамды құрайды.
17 мамырдан кейін Ұлыбритания үкіметі шетелге демалысқа баруға тыйым салуды алып тастауы мүмкін. Әзірге ағылшындықтарға елден белгілі себептермен ғана кетуге рұқсат берілген.
Гибралтар, Исландия және Израиль жуырда «жасыл» аймаққа кіреді деген болжам бар. Алайда Гибралтар мен Израиль туристерді қабылдауға әлі дайын емес, ал Исландия толық вакцинациядан өткендерді ғана қабылдамақ.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан