$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.05.2021, 10:20
Қоғам

«Мал жайылымына газ қалдығын төгіп жатыр»: Мұнайлы тұрғындары шағымданды

«ҚазТрансгаз аймақ» мекемесіне жоспардан тыс тексеріс ашылды, нәтижесі келесі аптада айтылады

«Мал жайылымына газ қалдығын төгіп жатыр»: Мұнайлы тұрғындары шағымданды
көрнекі сурет

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданының тұрғындары газға уланып отырмыз деп шу шығарды. Айтуларынша, ірі газ таратушы компания мал жайылатын жерге құбырдан көгілдір отын қалдығын төгеді екен. Бұл туралы КТК хабарлайды. 

Соның салдарынан будақтаған қою қара түтін ауаны ластап жұрттың үрейін ұшырған. Үш жылдан бері тынысымыз тарылды деген жұрт қалдық төгуге қарсы.  

Мұнайлы ауданының тұрғыны Қалижан Исатаев халық арасында «Разъезд Р» деп аталып кеткен бұл жердегі күнделікті көрініс осы екенін айтады. Айнала қап-қара түтінге оранып, жағымсыз иіс ауаға жайылған. Бұған себеп: құбырдан күніне екі рет жіберілетін газ қалдығы. Тұрғындар тіпті жусанның түсіне дейін өзгеріп жатқанын айтады.

«Жусанды көріп тұрсыз, қап-қара. Бұл жерде мал жейтін ештеңе жоқ. Адам тұрмақ, мал да демала алмай қалады. Мал да жөтеліп қалады. Бұл жердің Батырға да, Ақтауға да, Маңғышлаққа да – бәріне қатысы бар. Неге десеңіз, кешке желсіз кезде ауада газдың иісі шығып тұрады», - дейді Қалижан Исатаев.

«Экология мамандары тексеріп, мына жерді тазаласын. Бірдеңе қылу керек қой. Адам баласына, халыққа зиян. Тек малға зиян дейміз, мысалы, малдың етін жеп, сүтін ішеміз. Бәрі зиян болады ғой», - дейді «Еңбек» шаруа қожалығының иесі Есенмұрат Селиков.

Бұл аумақ Мұнайлы ауданындағы Батыр, Қызылтөбе ауылымен қоса, Ақтау қаласымен де шектеседі. Жиналған жұрт зияны барлығына бірдей тиіп жатқанын айтады. Ал, облыстық экология департаментіндегілер үш жылдан бері ауаны ластап келген компанияны енді ғана тексеріп жатыр.

«Газдың ауаға таралуы бойынша «ҚазТрансгаз аймақ» мекемесіне жоспардан тыс тексеріс ашылды. Оның қорытындысы бойынша бұл ластаушы «ҚазТрансгаз аймақтың» құбырындағы ластаушы заттардың шығындыларын тоқтатамыз. Айыппұл мөлшерін есептеп, қосымша хабарлаймыз», - деді Маңғыстау облысы экология департаментінің бөлім басшысы Ержан Жұмашев.

Ал ауа мен топырақтың құрамынан алынған сараптама қорытындысы тек бір аптадан кейін шығады. Газ қалдығын төккен компанияға қандай шара қабылданатыны сол кезде белгілі болады. Тынысы тарылған тұрғындардың әлі де газ иісімен демалудан басқа амалы жоқ.

Серіктес жаңалықтары