$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.04.2021, 17:35
Қоғам

Тараз қаласында жері тапшы зираттың маңына музей салынбақ

Сондай-ақ ауыл бой көтереді

Тараз қаласында жері тапшы зираттың маңына музей салынбақ
Қадірхан Абдуллаев, ЖШС басшысы, фото: express-k.kz

Былтыр шілде айында пандемия өршіп, індеттен көз жұмғандар саны күрт өскен кезде тараздықтар жақындарын жерлейтін жер таппай әбден әбігерге түсті. Белгілі болғандай, қалалық зираттың аумағы толып, жаңадан бейіт орнатуға орын қалмаған екен.

Осылайша жерлеу рәсімі қызметінің өкілдері амалдың жоқтығынан зираттың жанындағы бос жатқан жерді пайдалана бастаған.

«Ауру өршіген кезде біз күніне 25-30 шақты адамды жерледік. Оған дейін марқұмдардың саны күн сайын 5-6 адамды құраған. Зираттың аумағы тола бастаған уақытта мен қалалық әкімдікке жағдайды түсіндіріп, жер сұрадым. Қала басшысы мен оның орынбасары қайтыс болғандарды бос жерге жерлей беруге рұқсатын берді», - деді «Арнайы рәсімдік қызмет көрсету» ЖШС басшысы Қадірхан Абдуллаев.

Десе де, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталғаннан кейін, жерді жалға алушылар зират басшысын сотқа берген болып шықты.

«Иә, жерді жалға алушының рұқсатынсыз пайдаланғандықтан, олар бізді сотқа берді. Бірақ қалалық әкімдік бұл мәселені шешті. Білуімше, оларға қаланың басқа бұрышынан жер берілді. Сондай-ақ бізге марқұмдарды жерлеуге тағы 20-30 гектар жер беріліп жатыр. Яғни, қалаға тиесілі сол бос жатқан жерді зират ретінде пайдалануға берді. Қазір ешқандай проблема жоқ», - деп жауап берді «Арнайы рәсімдік қызмет көрсету» ЖШС басшысы.

Тараз қаласы әкімдігі Azattyq Rýhy тілшісіне берген жауабында бос жатқан жерлердің кімге тиесілі екенін хабарлады.

«Тараз қаласы «Арнайы рәсімдік қызмет көрсету» ЖШС-ның қасындағы бос жер (Тараз қаласы, Тәуке хан көшесі, 35 Г) жеке тұлғаға уақытша жалға берілген. Қалған бос жер учаскелері Жамбыл ауданының шаруа қожалықтарының жерлері», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде Жамбыл ауданы әкімдігі қалалық зиратқа ауданға тиесілі аумақтан ешқандай жер берілмейтін мәлімдеді. Өйткені аталған аумақта жаңа музей мен ауыл бой көтереді екен.

«Елбасының бастамасы бойынша, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және құрметтеу мақсатында Тәуке хан көшесіндегі зираттың жанында Қазақ хандығының монументі тұрғызылды. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес монумент жанындағы 6,0 га жер учаскесінде қазақ хандары музейін салу жоспарлануда. Қазір бұл бағытта музей құрылысы жүргізіліп жатқан жер учаскелерінің меншік иелерінен мемлекет мұқтажы үшін жерді мемлекетке қайтару мәселесін сот қарап жатыр. Сондай-ақ қалған аумаққа қатысты аудан әкімдігімен қаулы қабылданып, аудандық мәслихаттың шешімімен Бектөбе ауылының бас сәулет жоспары бекітілді. Елді мекеннің бас сәулет жоспарында көрсетілгендей, алдағы уақытта ауыл тұрғындарына кезекпен берілетін тұрғын үй құрылысына және әлеуметтік нысандар құрылысына арналған алаң салынады», - деді Жамбыл ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Беркінбек Бижігітов

Айта кетерлігі, шаруа қожалықтардың иелігіне жалға берілген жерлердің осы уақытқа дейін неліктен игерілмей келгені белгісіз. Себебі елдегі мораторийға байланысты қожалық иелеріне қатысты тексерістер жүргізілмеген.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары