ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

Тарауықта қысқа сүре оқу, аузашарды отбасында өткізу: пандемияның оразаға әсері жайлы

Алматының бас имамы Рамазан айына қатысты маңызды сұрақтарға жауап берді

Еркінбек Шоқай, Алматының бас имамы

Қазақстанда Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырға дейін (30 күн) жалғасады. Орталық Азия елдерінің мүфтилері кеңесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып осындай шешім қабылданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бүгін Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай бірқатар БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беріп, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың оразаға әсері жайлы айтып берді. Дін маманы ораза кезінде коронавирусқа қарсы вакцина салдыру және ПТР-тестілеуге байланысты түсініктеме берді.

«Шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолмен (ауыз, мұрын, тік ішек) адамның ішіне енсе, ол оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Демек, тері астына және бұлшық етке емделу үшін ине салса, ауыз ашылмайды. Екпе - ол бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе салу оразаны бұзбайды», - деді Еркінбек Шоқай.

Алайда, шариғат бойынша ауыз бекіткен адам дәрі ішсе, оразасы бұзылады. Бас имамның айтуынша, күндіз (ораза уақыты) дәріге аса қажеттілік туындамаса, дәріні күн батқаннан кейін немесе таң атқанға дейін ішкен дұрыс. Коронавирус жұқтырып, ораза ұстауға шамасы келмей жүрген адамдар ораза ұстауға міндетті емес. Бұрын ауырып, кейін түзелген және ораза ұстауға шамасы келетін мұсылмандар ораза ұстай береді.  

Биыл пітір садақа мөлшері 420 теңге мөлшерінде бекітілді. Былтыр 370 теңге болған. Баға неліктен өсіп отырады? Еркінбек Шоқай Ханафи мәзһабында пітір садақа екі келі бидай (ұн, талқан, т.б.) немесе мейізбен, төрт келі құрма немесе арпамен есептелетінін айтты. Қазір бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаны ұнмен есептеу туралы пәтуа шығарған. Осылайша, биыл 2021 жылы пітір мөлшері 420 теңге болып белгіленіп отыр.

Мүфтият Рамазан айында оқылатын тарауық намазы елдегі эпидемиологиялық ахуалдың күшеюіне байланысты өңірлерде діни рәсімдерді өткізуді үш түрлі етіп белгіледі. Яғни, діни рәсім «жасыл», «сары» және «қызыл» аймақтарға қатысты болады:  

«Жасыл» аймақтағы елді-мекендерде тарауық намазының оқылуына қойылатын талаптар:

  • санитарлық талаптарды сақтай отырып, қысқа сүрелер оқу;
  • Ауа-райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізу.
  • Мешіт дəретханаларын қолдану барысында арақашықтықты жəне сантитарлық талаптарды сақтай отырып жылдам дəрет алу.

«Сары» аймақтағы елді-мекендерге тарауық намазын оқуға қатысты қойылатын талаптар: тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтау, қысқа сүрелер оқу, ауа-райы қолайлы аймақтарда мүмкіндігінше мешіт ауласында өткізу.

Ал, «қызыл» аймақтардағы орналасқан мешіттерде уақытша жамағатпен тарауық намазы оқылмайды.

«Жасыл» аймақтағы елді мекендерде толтырылуы 30%, бірақ 50 орыннан аспайтын жағдайлар сақталған кезде ауызашар өткізу. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №68 қаулысында қоғамдық тамақтану объектілерінде еске алу мен құдай тамақтарды өткізуге рұқсат берілгеніне қарамастан, ауызашарды мүмкіндігінше отбасы ортасында өткізуді ұсынамыз. «Сары» аймақтағы елді-мекендерде ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын жеткізіп беру арқылы ұйымдастыру. «Қызыл» аймақтағы елді-мекендерде де ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын жеткізіп беру арқылы ұйымдастыру қолға алынады», - деді Е. Шоқай.

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл да бірқатар іс-шаралар онлайн форматта өтеді. Атап айтқанда ҚМДБ-ның «Халық Арна» телеарнасы мен әлеуметтік желідегі парақшаларында «Берекелі Рамазан» рухани марафоны, ауызашар уақыттарында «З0 күннің берекесі» атты рухани сұхбаттар, «Рамазанның кешінде» атты тікелей эфирлер өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, республикалық Call-орталық тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз түрлі діни сұрақтарға қазақ және орыс тілдерінде жауап береді. Сондай-ақ, «Халық арна» телеарнасында «Сағындырған Рамазан» атты жас ақындар арасында сайыс ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мақсаты - діннің құндылықтарын ақындардың тілімен насихаттау және жас ақындарды елге таныту.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы