Прокуратура Алматыдағы жедел жәрдем қызметін тексеріп жатыр
Тексеруге қызметкерлердің шағымы негіз болған
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева прокуратура қаладағы жедел жәрдем қызметін тексеріп жатқанын айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін жедел жәрдем қызметкерлері жалақысын уақытылы ала алмай жүргенін және басшылары жеке қорғаныс құралдарын «қара базарда» сататынын айтып, шағымданған еді.
«Жедел жәрдем қызметін арнайы комиссия тексеріп, қосымша тергеу үшін барлық іс прокуратураға тапсырылды. Жедел жәрдем қызметкерлерінен арыз түскені рас, бірақ олар құқық қорғау органдарына берілді. Тергеу басталды», - деді басқарма өкілі.
5 ақпанда Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері қаңтардан бастап пандемия кезінде төленетін үстемеақыға енгізілген өзгертулермен келіспейтінін жеткізіп, жаңа өзгеріске сай, қосымша қаржы барлығына бірдей берілмейтін айтты.